Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
5472
Аппарат кеңесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы, оқырмандармен жұмыс мәселесі сөз болды.
Қосшы қаласында тұратын белгілі ақын-жазушылармен, атап айтқанда, Айзада Рахымжанова, Олжас Қасым, Ұмтыл Зарыққан, Ахат Расулмен әдеби кездесулер өткізілді. Бұдан бөлек, атаулы күндер мен мерейтой иелеріне арналған кітап көрмелері, кітапхана сабақтары, әдеби кештер, эссе байқаулары, зияткерлік ойындар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. 2023 жылы қала аялдамаларында кьюар коды бар баннерлер мен қала әкімдігі ғимаратында BOOKCROSSING сөресі орнатылды.
Кітапхана әрдайым Қосшы қаласының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық Jana Bastau газетімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Газет беттерінде «Ұлтаралық келісім-ішкі тұрақтылықтың кепілі» атты мақала жарияланды. Сонымен қатар Қосшы қалалық кітапханасында өткен Олжас Қасым және Айзада Рахымжановамен кездесулер туралы, Абай күніне орай өткізілген әдеби сағат туралы «Ақынның шығармалары құндылығын жоғалтпайды» тақырыбымен, Конституция күніне орай «Бірлігі жарасқан жандар» тақырыбында өткен эссе байқауының марапаттау рәсімі туралы «Шаһарымыздағы жастардың патриоттық сезімі басым» тақырыбында және қала тұрғындарына кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген «Кітапханадағы ғажайып түн» тақырыбында, Республика күні мерекесі қарсаңында Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін насихаттау, дәріптеу мақсатында өткен ақын Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығына арналған «Бауыржан оқулары» облыстық мәнерлеп оқу байқауы туралы «Бауыржан ақынның шығармашылығы ұлықталды» тақырыбында мақалалалар жарияланды.
Кітапхана әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде. Instagram @kitaphana.qosshy – 864 оқырман жарияланым саны 852, қамту 1 825 оқырман. Facebook: Қосшы қалалық кітапханасы – 4 842 оқырман. Жарияланым саны – 852. TikTok @kitaphana.qosshy – 373 оқырман. Барлық жарияланымдар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
– Ең басты мәселе ғимарат аумағының аздығы, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын көтеру үшін жаңа әрі ауданы кең ғимарат қажеттілігі бірінші орында тұр. Қазіргі таңда Республика көшесі бойында салынып жатқан орталық бұл мәселені толықтай шеше алады. Жаңадан ашылған кітапхана болғандықтан кітап қоры әлі аз, сондықтан кітап қорын толықтыру үшін қаражат керек. Алайда ғимарат мәселесі шешілмей, ғимарттың сыйымдылығы төмен болуына байланысты кітаптарды орналастыру қиындық тудыруда. Сонымен қатар жаңа кітаптармен бірге жаңа кітап сөрелері қажет болады. Материалдық-техникалық база жетіспейді,– деді Шолпан Санақбайқызы.
2024 жылы Тайтөбе ауылында кітапхана филиалын ашу жоспарланған. Сонымен бірге биыл да атаулы күндер мен мерекелік күндерге арналған іс-шараларды өткізу жалғасын табады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Кітап оқы» жобасын жүзеге асыру міндеттері тұр. Тәжірибе алмасу мақсатында облыстық, республикалық семинар, конференция, байқауларға қатысу көзделген.
Екінші баяндамашы Тілдерді оқыту орталығының директоры Әлия Мұсаеваның айтуынша, өткен жылы орталықта жалпы саны қазақ және ағылшын тілдерін қоса алғанда, 101 тыңдаушы тіркелген. Қазақ тілінен 5 топ құрылып, бір жылда аптасына екі реттен 600 сағат оқыды. Ағылшын тілінен 4 топ құрылып, аптасына екі реттен 480 сағат оқыды.
– Орталығымызда әкімдіктің мемлекеттік қызметкерлері, атап айтқанда, Мансап орталығы, Қосшы су арнасы қызметкерлері мен қала тұрғындары қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курсынан өтті. Екі ауқымды ғылыми конференция ұйымдастырылды. Орталық қызметкерлері 6 қалалық семинар, 3 байқауға қатысты. 6 нотариус қызметкерлеріне іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Сауатты жарнама – қала келбеті» айдарымен қаладағы бизнес орталықтарының жарнамалары мемлекеттік тілде қатесіз жазылуы тексерілді, – дейді Орталық директоры Әлия Мұсаева. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүзеге асыру бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қала тұрғындарының қазақ тілін оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ тiлiн қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлi ретінде еркiн пайдалануына көмектесу, мемлекеттік тілді еркін, бейресми форматта оқыту, мемлекеттік тілде сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында 2022 жылдың қаңтарынан бастап «Мәртебе» клубы өз жұмысын жүргізіп келеді. Клубта қала тұрғындарынан құралған 7 адам бар. Сонымен қатар Орталықтың тыңдаушылары және «Мәртебе» клубының мүшелері тіл үйренуден басқа, тілді қаншалықты меңгергендігін көрсету мақсатында сабақтан тыс уақытта мемлекеттік маңызы бар іс-шараларға, аты аңызға айналған ақын-жазушылардың атаулы даталарын тойлауға, түрлі республикалық мерекелерге, Наурыз мейрамына, Алғыс айту, Көрісу, Қазақстан халқы тілдері мерекесіне, тағы да басқа әртүрлі челленджерге белсене қатысты.
2023 жылдың 21 шілдесінде Қосшы қаласы тілдерді оқыту орталығының бастамасымен Қосшы қаласы Лесная поляна шағын ауданы №40 үйде «Үйде сөйле» қоғамдық жобасы жұмысын бастады. Жобаның басты мақсаты – отбасында, аулада қазақ тілінде сөйлесу. Қоғамдық жоба қаладағы әр көпқабатты үйлердің ауласында ересек тұрғындардан құралған «Үйде сөйле» клубымен өз жұмысын жалғастыратырады. Үй тұрғындары аулада бас қосып, қазақ тілінде сөйлесуге, тілді еркін меңгеруге мүмкіндік алады. Негізгі сабақтан бөлек Орталықта 60-тан аса іс-шара өткізілді. Былтыр Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласында «Мемлекеттік тіл –Тәуелсіздік символы» атты этнос өкілдері арасында өткен байқауға қазақ тілінің тыңдаушысы Мазуренко Александра қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді. 2022 жылы – 28 тыңдаушыға сертификат табысталған болатын. Ал 2023 жылы жыл басында 101 тыңдаушы тіркеліп, жыл аяғында 70 адам оқу жылын тәмамдады, Оның ішінде, 46 адамға А1, А2, В2 деңгейі бойынша сертификаттар табысталды. Яғни 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы қазақ және ағылшын тілін үйренуге ниет білдіргендер саны әлдеқайда жоғары болды. 2024 жылдың 3 қаңтарынан бастап биылғы оқу жылына жаңа топтар құру үшін тіркелу жүріп жатыр. Қазіргі таңда қазақ және ағылшын тілдерінен әзірге жалпы саны 78 адам тіркелді. Тіл үйрену курсына шақыру туралы хабарландырулар әлеуметтік желілерде, телеграмм каналдарында, Қосшы қаласы әкімдігі мен Тайтөбенің чаттарында жарияланды. 2024 жылға қазақ және ағылшын тілдерін оқу курсына тіркелу 31 қаңтарға дейін жалғасатын болады. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген болатын.
Тіл – ұлт тәуелсіздігінің нышаны, егемендігінің көрінісі. Қандай құдіретті ұлт болмасын, «тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады». Сондықтан мемлекеттік тілде ойлап, жазып, сөйлеуді әркім өзінен бастауы керек. Дүкенге барып азық-түлік алғанда сатушымен қазақша сөйлесіңіз. Көше атын сұраған адамға қазақ тілінде жауап беріңіз. Үйде қазақ тілін қолданыңыз. Қоғамдық қызметтерді пайдаланғанда автобус билетінің қазақша болуын талап етіңіз, банк қызметтерін, бірлік салу қызметін қазақ тілінде қолданыңыз. Ғаламтордағы парақшаларыңыз қазақ тілінде болсын, – дейді Әлия Қуатжанқызы.
Қоғам – адамдардың жиынтығы. «Өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, Өзіңмен алыс, өлгенше!» деп Абай айтпақшы, біреуді қазақ тілінде сөйлетем дегенше, алдымен өзіңізді ана тілінде таза сөйлетіп алу тіліміздің мәртебесін өсірмесе, өшірмейтіні анық. Ең бастысы, таза сөйлеу – мәдениеттіліктің бастауы екенін ұғынып, әр азамат қолынан келгенінше ана тілінің өркендеуіне өзінің үлесін қосып, атсалысуы керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатында мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты өзекті ойларымен бөлісті. Оның ішінде, «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс» деген болатын.
– Гайдар Қабдоллаұлы, мемлекеттік қызметке қабылданатын әрбір қызметкер, біздің Тілдерді оқыту орталығына келіп, КАЗТЕСТ тапсырып, қазақша жазу сауаттылығын тексеру үшін диктант жазуға рұқсат берсеңіз деген өтінішім бар. Сондай-ақ жыл сайын тамыз айында барлық мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қызметкерлер жаппай КАЗТЕСТ тапсыруа міндетті. 2023 жылдың тамыз айында барлық мекеме басшыларына КАЗТЕСТ тапсыру туралы хат жіберілді, дегенменде тапсырғандар саны өте аз, – деген ұсыныс жасады Орталық директоры.
Былтыр Қосшы су, Тайтөбе әкімдігінің қызметкерлері, Персоналды басқару және дамыту жөніндегі бірыңғай қызметі, Мемлекеттік құқық бөлімі, Қаржы шаруашылық қызмет бөлімі, Азаматтық қорғаныс және мобилизациялық дайындық бөлімі, Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығы қызметкерлері ғана КАЗТЕСТ тапсырған. Қалған бөлімдер тапсырмаған. Қазтест, диктанттан басқа, әкімдіктегі барлық жиналыстар, мәслихат отырыстары, іс-шаралар, түрлі мемлекеттік маңызы бар бас қосулар мемлекеттік тілде өтсе және іс-қағаздар, құжат айналымы, шығыс хаттар мемлекеттік тілде жүргізілсе, нұр үстіне нұр емес пе! Орталық директоры Әлия Мұсаева баяндамасын мемлекеттік тілді қолдау және қолдану аясын кеңейту үшін осы аталған мәселелер жіті бақылауға алынса екен деген тілегін жеткізді. Қосшы қаласы әкімі апаратының кеңесінде мұнан басқа да ағымдық мәселелер талқыланып, лауазымды тұлғаларға тиісінше тапсырмалар берілді.
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қосшыда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті
Қосшы жаңалықтары
Қосшыда жолдар жаңарып жатыр
Пікірлер (0)