Қосшыда этносаралық проблема жоқ

Редакция таңдауы
view 84
news

Маусым айының 14-жұлдызы күні Көкшетау қаласында Қазақстан халқы ассамблеясы «Ақсақалдар кеңесінің» 1-облыстық отырысы ұйымдастырылды. Өңірлік «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Ғосман Төлеғұлдың жетекшілігімен өткен жиынға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғыманов және аудан-қалалардан келген 30 өкіл қатысты. Аталған басқосуда Кеңестің ережесі бекітіліп, алда атқарылатын жұмыстар жайы талқыланды, ұйымның өкілеттілігі нақтыланды. Болашақта тек аудан орталықтары мен қалалардан ғана емес, әрбір ауылдардан да «Ақсақалдар кеңесін» құру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар ұйымның ел арасында беделін көтеру, жұмысын насихаттау жайы тілге тиек етілді. «Ардагерлер кеңесі» биыл жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылып, оның құрамына ақсақалдардан басқа Үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық пікір көшбасшыларының өкілдері кірді. Ұйым мемлекеттік органдарға, қоғамдық институттарға қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырлануға жәрдемдеседі. Қалың бұқараның, мемлекеттік және қоғамдық институттардың арасында сындарлы коммуникацияларды, өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді. Халық – мемлекеттік орган – қоғамдық ұйымдар арасында «кері байланыс» орнатуға қолайлы жағдай жасайды. Жастарды отансүйгіштікке үндейді, патриотизмді насихаттайды. Адам құқықтары жөніндегі өкілетті органдардың уәкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, әрдайым байланыста отырады. Одан бөлек, әлеуметтік-экономикалық жанжалдардың, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алып, шиеленісті жағдайларды у-шусыз шешуге атсалысады. Жалпы айтқанда, ақсақалдарын сыйлайтын қазақ қауымы үшін ел ішінде ынтымақтастықты сақтап тұру мақсатында «Ардагерлер кеңесінің» маңызы зор, атқаратын қызметі де орасан. – Қазақ би ме, бай ма, қара ма – қайсы болсын үлкенді сыйлап, құрметтеген, сөзге тоқтаған. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» демекші, мұндайда көпті бірлікке шақырып, өзгеге басу айту үшін ақсақал адамдардың өздері ақылгөй, парасатты болғаны абзал. Саясаттан да, дін мен мәдениеттен де сауатты болу керек. Әйтпесе, білімің таяз болса, жастар бөстекі әңгімені тыңдамайды. Көрген-білгені мол, айтар ойы бар ақсақалдарды қоғам шетке қақпайды. Өкінішке орай, қазір албаты сөйлейтін қарттарымыз да көбейіп кетті. Оларға Кеңестік жүйенің салқыны тиген, әлі сол кездегі идеологияның арбауынан шыға алмай жүргендер. Бірақ елдікті ойлайтын, кестелі сөйлейтін, ақыл-парасаты мол ақсақалдарымыз да, Құдайға шүкір, баршылық. Қоғамның тыныштығын сақтап, халқымыздың ауызбіршілігін арттыру үшін осы кісілердің өмір-тәжірибесін, өнегесін пайдаланған дұрыс. «Ақсақалдар кеңесін» құрудағы басты мақсатымыздың өзі де сол – ата-баба дәстүрін жаңғыртып, қара қылды қақ жарып, әділін айтатын ақсақалдар ұйымын қалыптастыру, дейді «Ақсақалдар кеңесінің» 1-облыстық отырысына Қосшы қаласының атынан барған Ыбырай қажы Қазанғапов.   Бұл кісінің алған атағы да, атқарып жүрген еңбегі де бір басына жетерлік: Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы», Қосшы қаласы «Ардагерлер кеңесінің» және «Билер кеңесінің» төрағасы, Бөгенбай батыр атындағы мешіттің найб-имамы, медиатор... Сонау 2000 жылдардан бері Қосшыда тұрып келе жатқан, осы елдің-жердің проблемасын жақсы білетін, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Ыбекеңнің айтар ойы да, көрген-түйгені де көп. Ол кісі әлі күнге дейін шаһардың әлеуметтік-экономикалық өміріне бір пайдам тисе екен деп тынбай еңбек етіп келеді. Қажы ата Қазақстанда, оның ішінде Қосшы қаласында этносаралық қақтығыстар жоқ деп санайды. – Біздің елімізде ешқандай адамға ұлттық, діни, жыныстық, болмаса басқа да ерекшеліктеріне байланысты кемсітушілік, әйтпесе қысастық жоқ. Ал өзіміздің Қосшы туралы айтсақ, мұнда негізінен қазақтар тұрады, өзге этностар аз. Бір себебі содан да шығар, ұлтаралық мәселе жоқ. Сондай-ақ қайсы диаспора өкілі болсын, қаланың дамуына өзіндік үлес қосып, оның гүлденгенін, өмір сүруге қолайлы, жайлы болғанын қалайды. Ал енді қазақ тілі орталығына барсаңыз, онда оқып жүргендердің түгелге жуығы өзге этностың адамдары. Олар мемлекеттік тілді білгісі, үйренгісі келеді, ол да елдің-жердің түпкілікті иесі – қазақ халқына көрсетіп жатқан құрметтерінің бір белгісі. Олардың игі ниеттерін қазақшаны меңгерсем деген тілектерінен байқауға болады. Қайта өзіміздің «қара орыстардың» тіл үйренуі қиын. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне кедергі келтіріп отырған басқа емес, ең бірінші нақ солар,– дейді Ыбырай қажы Қазанғапов. Бөгенбай батыр атындағы мешіттің найб-имамы жастардың имандылыққа жаппай бет бұрғанына да қуанышты. Ол кісінің айтуынша, Құдай үйіне құлшылық етуге келетіндердің 95 пайызы жастар көрінеді. Аузында «Алласы», жүрегінде шынайы иманы бар жамағаттан жамандық шықпайды, тек жат ағымның ықпалына түскендерден, әйтпесе ішімдік ішіп, шылым шегіп, есірік әуенге еліретін ессіздерден сақтану керек, дейді ақсақал. – Мешітте тек бес уақыт намаз оқылып қоймайды, сонымен қатар мұнда дін тақырыбында күнделікті дәрістер жүргізіліп, насихат айтылады. Адам өмірінің әртүрлі жағдайына қатысты пайғамбарларымыздың хадистерінен мысалдар келтіреміз. Одан бөлек, жастарымыз ұлтымыздың төл мәдениетінен, болмыс-бітімінен ажырамасын деп салт-дәстүр, аңыз-әфсана айтып, тарихи мәселелерді жиі қозғап отырамыз. Ең үлкен құндылығымыз – ана тіліміздің тағдыры, бүгіні мен болашағы туралы пікір алмасамыз, ой бөлісеміз,– деді Қосшы қаласы «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы. Ыбырай қажы Қазанғаповтың араздасқан жұртты татуластырып, қиюы кеткен дүниені түзетіп, медиатор ретінде атқарып жүрген еңбегінің өзі бір төбе. Өткенде қалада төтенше оқиға болып, жол-көлік апаты орын алғанда, жанжалдасушы екі тараптың басын қосып, татуластыруға мұрындық болған нақ осы кісі. Ақылман қарт осы көпшілікті дүрліктірген түрлі оқиғаларды қалт жібермей бақылап, елдің ынтымағын қорғауды, осы мақсатқа жұмыс істеуді өзінің парызы санайды. Сөзімізді қорыта келе айтпағымыз, міне, осындай қазыналы қарттарымыздың арқасында ел ішінің татулығы сақталып отыр.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *