Қосшыдағы әлеуметке қызмет – жоғары деңгейде  

Қосшы жаңалықтары
view 152
news

Қосшы қала атанғалы бері шаһарға сай құрылымдары мен бөлімдері ашылып, сол бөлімдердің ұжымы жасақталып, халыққа барынша қызмет көрсетіп жатыр. Мемлекеттің халыққа көмегі ең бірінші кезекте әлеуметтік салада байқалатынын ескерсек, Қосшы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бұл ретте біршама міндет жүктелген. Бейресми есеп бойынша Қосшы тұрғындарының саны 100 мың адамға таяп қалғаны рас. Ал осыншама халықты әлеуметтік тұрғыда қамсыздандыру міндеті аталмыш бөлімнің басшысы Шәди Бақытбай мен оның қызметтестерінің міндетіне кіреді. «Jana Bastau» тілшісі осы бөлімнің жұмысымен танысып, ұжымдағы еңбек адамдарымен әңгімелесіп қайтты. Бөлім мемлекеттік қызметтің 51 түрін көрсетеді Бөлімге кіріп барғанымызда бірнеше адам қызу жұмыс үстінде отырғанын байқадық. Әркім өз міндеті шеңберінде халықтың қоңырауы мен өтініштеріне жауап беріп, кеңестерін беріп жатты. Жалпы Қосшы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әртүрлі салаларға жауапты мамандар бар екен. Мәселен, бөлімдегі бір маман Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуді міндетіне алса, екінші адам сырқаттанған адамдарға мемлекет тарапынан берілетін көмекке жауапты. Үшіншісі үйде оқытылатын мүгедектігі бар адамдарға, балаларға ақшалай жәрдемақы тағайындау мәселесімен айналысады. Түзету колониясынан босап шыққандарға мемлекеттен берілетін кепілдіктерге жауапты қызметкерлер де еңбек етеді. Еңбек мигранттарының мәселесі де (оларға рұқсат қағаз беру) осы бөлімнің құзыретіне кіреді. Сонымен қатар азаматтық хал актілерін тіркеу қызметтерін көрсететін (34 қызмет, оның ішінде туу туралы куәлікті беретін, азаматтың аты-жөнін өзгерту, ажырасу, неке қию) маман да осы бөлімде еңбек етеді. Еңбек келісімшарты, жұмыспен қамту саласына жауапты маман да бар. Тағы бір маман мүгедектігі бар азаматтарға жауапты. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға ортопедиялық аяқкиімдерді, арбаны алып беруге міндеттелген. Барлығы 7 мемлекеттік қызметкер халыққа мемлекеттік қызметтің 51 түрін көрсетеді. «Жыл басынан бері Қосшы қаласының тұрғындарына 3104 мемлекеттік қызмет көрсетілген»,  – дейді бөлім басшысы Шәди Бақытбай. Одан бөлек Жұмыспен қамту орталығына кәсіп ашқысы келетін азаматтар келіп, қайтарымсыз грант ала алады. 400 АЕК көлеміндегі грантты (биылға 1,2 млн теңгеден асады) алуға ниетті азаматтар Жұмыспен қамту орталығына келе алады. Шәди Бақтыбайдың айтуына қарағанда, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да бұл күнде Жұмыспен қамту орталығына келіп, өз мәселесін шешіп жатыр. «Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген адамдардың айлығының 35 пайызын Жұмыспен қамту орталығы төлейді. Ал қоғамдық жұмыстарға жіберілген жастардың айлығының 100 пайызын сол орталық береді. Олар 12 айға дейін жіберіледі. Жеке кәсіпкерлерге сондай қолдау көрсете аламыз. Жұмыссыз адамдарды орталық тегін оқытып бере алады. Биыл кәсіби оқытудан 15 адам тігінші, аспазшы, кондитер мамандықтары бойынша оқып шықты», - дейді бөлім басшысы. Биылдан бастап шет елдерден келетін мигранттардың квотасын реттеу Қосшының өзінің жергілікті ведомствосына – Қосшы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне берілген. Яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінен келетін азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтінімдерін беріп, ішкі істер органдарының келісімнен кейін осы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен соңғы шешімді алады. Міндетіміз – халыққа көмектесу  Қосшы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қаңтар айында орналасқан Салтанат Мұханбетжанова «Jana Bastau» тілшісіне халыққа берілетін атаулы әлеуметтік көмек жайлы айтып берді. Салтанаттың өзі жұмыспен қамту саласында Целиноград ауданында 2003 жылдан бері еңбек етеді. Әуелі мүгедектігі бар балалармен жұмыс жүргізген ол Қосшыға келер алдында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша Астана қаласында еңбек еткен. Тәжірибесі мол маман. «2022 жылдан бастап маман ретінде атаулы әлеуметтік көмекті аз қамтылған отбасыларға тағайындаумен айналысамын. Қосшыда көмекшілермен бірге атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарды іздестіреміз. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар біздің бөлімге немесе халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, консультация алады. Ақшалай табысы аз, табысы кедейлік деңгейден төмен болса, онда ол сол әлеуметтік көмекті ала алады»,  –  дейді Салтанат Мұханбетжанова. Көбінесе атаулы әлеуметтік көмекті жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар алады. Салтанат Мұханбетжанованың айтуына қарағанда, ол көмектің екі түрі (шартты және шартсыз) болады. Шартты болса, ол отбасыға міндетті түрде шарт қойылады: яғни ол жұмыссыз қалған жағдайда оған Жұмыспен қамту орталығы жұмыс ұсынады. Ол азамат жұмысқа тұруы керек. Ал шартсыз көмек мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге немесе үш жасқа дейін немесе мүгедектігі бар баласы бар әйелдерге көрсетіледі. Осындай жұмыстың арқасында Қосшы қаласында 56 отбасыға (282 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Соның ішінде 2 адам жұмысқа орналастырылған. Өткен тоқсанда 69 отбасы осындай көмекпен қамтылған. «Қосшыға көшіп келетіндер бар. Әр ай сайын біз атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарды іздестіреміз. Біз атаулы әлеуметтік көмекті алуы тиіс адамдарды анықтаймыз. Егер зерттеп, тағайындаған соң біздің міндетіміз – оларды сол кедейлік деңгейден шығару. Қайта даярлаудан өткізіп, кәсіби біліктілігін де арттыруды мақсат тұтамыз. Жұмысқа тұрғызуға мұрындық болғымыз келеді»,  –  дейді ол. Бұл салада 16 жыл қызмет еткен Салтанат Мұханбетжанованың еңбегі еленіп, жақында ол «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Марапатты маманға облыс әкімі Ермек Маржықпаев табыстаған. Осылайша, шағын ғана ұжым Қосшының әлеуметтік тұрғыда мұқтаж қаншама отбасыға мемлекет көмегін ұсынып жатыр. Егер әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жанұялар болса, әкімдікке келіп, бөлім қызметкерлерінен мемлекеттен өзіне қандай көмек тиесілі екенін біле алады. Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңарады 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның әлеуметтік Кодексін іске асыру шеңберінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңарту басталады, оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің (ЖҚҚ) қолжетімділігін арттыру. Жаңарту бағыттарының бірі –  өтініш берушіден арнайы қызмет көрсетудің проактивті форматына көшу. ҚҚҚ қажеттілігі азаматтардың өтінішінсіз отбасының цифрлық картасының (ООК) көмегімен автоматты түрде айқындалатын болады. ОКЖ базасында қажеттілік карталары қалыптастырылады, мұқтаждар санаттары және оларды проактивті форматта көрсете отырып, қызметтердің қолжетімділігі айқындалады. Сондай-ақ, Қазақстанда ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден әлеуметтік қызмет көрсетудің шағын жинақталған ұйымдарында қызмет көрсетуге көшеді. «Бүгінде осындай 20 ұйым мұқтаж азаматтардың тұрғылықты жеріне жақын жерде қызмет көрсетеді. Мұндай ұйымдарды "Балапан" бағдарламасымен ұқсастығы бойынша, әсіресе ауылда ЖҚҚ көрсету үшін шағын жинақты ұйымдар ашқан жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырысты кеңейту арқылы дамытатын болады. Өз кезегінде, ірі интернат-үйлер жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің ғылыми-әдістемелік орталықтарына немесе әлеуметтік қызмет көрсетудің көпсалалы шағын үйлеріне кезең – кезеңімен ауыстырылатын болады», - деп нақтылады ведомстводан. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Тағы бір өзгеріс – ҚҚҚ стандарттарын қайта қарау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында тариф белгілеуге жаңа тәсілдерді енгізу. «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы норматив енгізілетін болады. Компенсаторлық техникалық құралдарды жеткізетін ұйымдар үшін шекті бағалар. Бұл ретте кепілдендірілген сома еліміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өзгерістерін ескере отырып, кезең – кезеңімен түзетілетін болады», - деп нақтылады Еңбек министрлігі. Ұсынылған өзгерістер министрлікте үкіметтік емес ұйымдар мен жеке сектор субъектілерінің әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне тартылуын кеңейтетініне сенімді. Бұл әсіресе ауылдарда ЖҚҚ қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мұқтаж қазақстандықтарға көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етеді және жаңа бәсекелестік ортаны дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, әкімдіктер жанынан құрылған әлеуметтік қызметтер порталы (ЖСҚ) бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді: сапасыз тауар немесе қызмет туралы ЖСҚ өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге өтініш жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні ЖСҚ-дан алып тастау және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау. Қазақстандықтарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар 2025 жылдан бастап оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі берілетін болады. Ол үшін әлеуметтік Кодексте: 1) әлеуметтік қызметкерлер тізілімін қалыптастыру. Онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, сондай-ақ жұмыс нәтижелері туралы ақпарат болады. Тізілім қызмет тұтынушыларына бәсекелестік ортада әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметкерлердің сұранысы олардың жалақы деңгейінде көрініс табады; 2) жұмыс берушілердің дайындалып жатқан кадрлардың білім деңгейіне, дағдылары мен дағдыларына қойылатын талаптарын көрсететін әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіби стандарттарды әзірлеу. Әлеуметтік жұмысқа біліктілікті бағалаудың тәуелсіз жүйесінен өткен сертификатталған мамандар ғана жіберіледі; 3) ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі.

 Ел Риза

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *