Мұхтар Мағауин. Жаңсақ ұғымдар
Фотосурет: magauin.com
1. Қан сонар... Құба қалмақ
Бұл екі атаудың өзара туыстық байланысы жоқ. Күні бүгінде дейін нақты анықталып, мəн-мағнасы айқындалмаған десек те. Сондықтан дара талдамай, қосарлап отырмыз.
«Қан сонарда бүркітші шығады аңға...» – Абай.
Мектеп оқушыларына дейін жатқа айтатын атақты өлең.
Алайда, осы «қан сонар» деген нендей нəрсе? Аңдып қарасаңыз, оп- оңай, бірақ ешкім демейік, көпшілік жұрт мүлде танымаған табиғи бір жағдай. Жоқ, бəріміз білеміз. Тəрізі, жаңа қар жауған, аң аулауға ыңғайлы бір сəт. Тексере қарасақ, тым бұлдыр. Əжептəуір этнограф саналған Ақселеу Сейдімбековтің өзі бұл «қан сонар» жөнінен мүлде бейхабар екен. Əйтеуір аңшылық кезеңі.
Менің ескіні тануымның бастауында тұрған үлкен əкем Мағауия бүкіл Шығыс Қазақстанға əйгілі атбегі əрі жалпы жұрт таныған аңшы болатын. Бүркіт емес, тазы иттермен. Сол даңғыл атамнан қалған лепес.
Қысты күні аң аулауға мейлінше қолайлы сонардың үш түрі бар: ұзақ сонар, келте сонар жəне қан сонар. Бұл үш түрлі ұғым – із кесуге байланысты. Мезгілдік тұрғыда.
Жаңа қар жауады. Ары кетсе, кешке қарай тоқталсын. Енді түні бойы, дала кезген аң атаулының ізі ұзақ шиырға айналмақ. Аңшы тезінен кеседі, бірақ ұштығына жету оңай емес. Əдетте, тым ұзап кеткен. Соған қарамастан, соңына түскен аңшы түлкінің елесін тап басып, шалуы қиын. Көбіне-көп босқа салпақтайды. Ауызекі сөзде басқа да мағнаға шыққан «ұзақ сонардың» жайы осындай.
Келте сонар дегеніміз – қар əлі де қапалақтап жауып тұрған, немесе, осы сəтте ғана тоқтаған жағдаят. Аңның əуелгі сорабын қар басып қалған. Көлденең ұшырасқан, көмескі тартса да өшпеген із – түлкі (күзен, қарсақ) тым тақауда кетіп бара жатыр, деген сөз. Аңшы иттер бірден-ақ соқтырта жөнелмек. Жəне көп ұзамай, аңның нобайын көреді. Келте сонар дегеніміз осы. Бірақ бұл да тым оңтайлы жағдаят емес. Жаңа ғана өткен түлкінің ізін кесу – істің кездейсоқ сəтіне ғана байланысты.
Сондықтан, үш сонардың таңдамасы – қан сонар деп танылған. Мəнісі белгілі. Тек біздің білгіштердің долбарынан басқаша. Тіпті, айқын.
Түні бойы, немесе кешеден жауған қар таң алдында ғана толас тапқан. Ары дегенде, түн ортасынан ауа. Ең ұтымдысы, əрине, таң ата. Енді, жаңа, ақша қар үстінде жортқан аң атаулының ізі мен жобасы ап-анық, сайрап жатыр. Күн шыға, сəтімен із кескен жағдайда, көп ұзамай-ақ, аңның өзінің де қарасы шалынбақ. Нағыз қан сонар дегеніңіз – осы. Əдетте, ит аңшылығы тұрғысында. Бүркітті де із танылған соң жібермек. Қайткенде шалымы кең. Ал тазы, қаншама құмай болса да, тым алыстан барлай алмайды. Міндетті түрде нақты ізді көрген соң ғана алға ұмтылмақ. Енді, көп ұзамай, аңшының олжалы болуы анық.
Міне, қан сонардың сыр-сыпаты осындай.
Енді құба қалмақ жайы. Айттық, мүлде үйлеспейтін екі түрлі ұғымның ортақ көрінісі – мағна айқындаудан шықты, деп. Бұрнада байқалған, қисынсыз олқылықтың орнын толтыра кету үшін.
Бұл «құба қалмақтан» тыс, тіпті, оған қарама-қайшы саналатын «қара- қалмақ» бар. Таң қаларлық жағдай, күні бүгінде осы, ғасырдан ғасырға жалғасқан белгілі атаулардың өзі көмескі тартыпты. Мəселен, Əбіш Кекілбаевтың тарихи романдарына қарасақ, «қара қалмақ» дегеніміз – ХVІІ ғасырдың екінші ширегінде шығыстан ауып келіп, Еділ мен Жайық арасында орныққан қалмақтар, ал Жоңғар алабындағы жалпақ жұрт – «құба қалмақ». Шындығында бəрі басқаша. Еділ қалмағы мен Жоңғар қалмағы – бір-ақ жұрт, «қара қалмақ», яғни, нағыз қалмақтар. Ал «құба қалмақ» дегеніміз... Жоғарғы Азия шегіндегі түрік текті қауым: Құлынды, Барабы өлкесіндегі түрки ру-тайпалар, одан арғы телеңгіт, Алтай кіжі, Кем (Енисей) қырғызы, көкмоншақ, яғни Тыба жұрты. Исламнан тысқары қалған, ұзақ тарихи кезеңде бізден дəстүр-салты да алыстай бастаған, бірақ түрлері ұқсас, тілдері үйлес, ағайын жұрт. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар тоғысында Дүрбін Ойрат өкімін мойындап, қазаққа, Орталық Азия халықтарына қарсы жорықтарға əскер қосуға мəжбүр болған. Ол замандағы қазақ – нағыз қалмақтан ажырату үшін, «құба қалмақ» атандырған. Ескілікті орыс деректерінде «белые калмыки» деп те жазылатыны бар.
Бұл, бізбен қандас ру-тайпалардың тағдыры аса қайғылы болды. Кем- кемжүт қырғыздары 1756-1759 жылдары, əйгілі Ойрат геноциді нəтижесінде түгелдей жойылып кетті. Жəне Сібір түріктері де ойсыраған шығынға ұшырады. Қалғаны – жалғас заман, аяусыз қазақ соғыстары кезінде қатты қырылды. Атты қазақ аламанының қарымы тым ұзақ екен. Мəселен, Қыпшақ Қошқарбай батырдың Шығыс Сібір жорықтары. Бүгінде азды-көпті жұқанасы ғана қалған. Тек қазақтан тым шалғай ұранқай-тыба жұртының ғана қарасыны біршама. Ресей құрамындағы автономиялық республика. Енді Украинаға қарсы соғысқа көптеп тартылып жатыр. Бағзы заман қазағы жалпылай «құба қалмақ» тобына жатқызған, жекелей келгенде, «көк моншақ» атаған, Шыңғыс хан заманында Сүбітай-бахадүр сияқты ғаламат қолбасыны туғызған ұраңқай-тыба жұртының бүгінгі ахуалы осындай.
Заман өзгереді, тарих шеруі – қатал. Өзінің түп-тұғырын сақтаған халықтар ғана ұрпағын ұрпаққа жалғастырмақ. Біз қазақ – қанша қырылсақ та, қаншама ауыр кезеңдер өткерсек те, байтақ жерімізді, ұлттық сыпатымызды сақтап қалыппыз. Тəуба айтуымыз керек екен жəне болашаққа сеніммен қарауымыз шарт.
Ал біз назар аударып отырған, танымдағы бірлі-жар кілтипандар тұрыпты, бүгінде тым ояз көрінген олқылықтардың өзі оңдалады, ақыр түбі үш мың жылдық мемлекеттік тарихы бар Қазақ елі өзінің бар мұратының үддесінен шығады деп сенейік.
Кемер, Түркия,
27.VІІ.2024
2. Мүшел... Қорған… Ұлыс...
Кейбір, танымал, көп қолданылатын сөздердің өзінің мəн-мағнасы мүлде басқаша, теріс түсінілетін жағдайлар ұшырасады. Сондай атаулардың бірі – мүшел. Кəдімгі, жас өлшеміне байланысты айтылатын, жұрттың бəрі білем дейтін мүшел.
Қазақ танымында бұл мүшел – жыл атауларына енген жан-жануар есімімен байланысты, тұпа-тура он екі. Яғни, аз, кем емес, он екі жыл. Еуропа, христиан əлеміндегі дожнамен тепе-тең. Бірақ бұл екеуінің арасында тікелей байланыс жоқ. Арғы заманда біраз халық қолданысқа түсірген он екілік өлшемнің жаңғырығы демесек. Біз бір кезде бұл мүшелді «ондық» өлшемге туыстас, он екі санының есебінде қолданысқа түсіріп едік. Мəселен, «содан бері бір мүшел», «бір мүшел өткенде», «бір мүшел межесінде» деген сияқты. Яғни, бұл ретте – мезгілдік сыпатта. Ал адам жасына байланысты бəрі де ап-айқын сияқты. Бірақ бүгінде – шатысқан, бұрмаланған жағдайда. Қазір, бұрнада да, он үш жас – бір мүшел. Екінші мүшел – жиырма бес жасқа сəйкеседі. Үшінші мүшел – отыз жеті. Сөйтіп, он екі жыл үстемеленіп, жалғаса береді. Арғы заманда қаншаға келдіңіз дегенде, үлкен кісілер пəлен мүшел жасадым, жылым мынау деп жауап берер еді. Сұраған жан соған қарап, есептей салатын. Мүшел есебінің ең мəнді мағнасы – əрбір жаңа мүшелдің соңғы жылы – қатерлі болмаса да, кезеңдік жас деп есептелген. Жəне өткен мүшелден кейін өмір жаңаша жалғасатын сияқты. Бұл нанымның физиологиялық қисыны бар екен. Жердің, күннің айналымына сəйкес, атаулы он екі жылда адам организмі жаңарып отырмақ. Яғни, əрбір мүшелдің ақыры – кіді, өтпелі жағдай.
Енді, бүгінгі қазақтың мүшелге байланысты есебі жаңсақ екенін айтуға тура келеді.
Əуелгі мүшел – он үш жас дедік. Бұдан соң тұпа-тура, он екі жылдан қосылмақ. Бар кілтипан – бастапқы он үшке байланысты. Өйткені... ежелгі қазақ ұғымында, сəбидің ана құрсағында жатқан тоғыз айы – бір жасқа саналған. Яғни, баланың он үш жасы – он үш емес, күнтізбелік он екі жыл ғана. Сондықтан, шынайы қалыпқа түсірсек, бастапқы мүшел – осы он екі жаспен шектелуі керек.
Сонымен, əуелгі мүшел – он екі жас, екінші мүшел – жиырма бес емес, жиырма төрт, үшінші мүшел – отыз жеті емес, отыз алты. Яғни, мүшелден шығу – бүгінгі санаттан бір жыл бұрынға сəйкесіп отырмақ. Қырық сегіз, алпыс, жетпіс екі, сексен төрт, тоқсан алты... дегендей. Шал ақынның əкесі Құлеке батырдың өліміне байланысты айтқан сөздері бар: «Алпыс бір – мүшел келді мерттей болып, – Өтпедің сол мүшелден серттей болып...» – деген. Қазіргі есепке көшірсек, Құлеке батыр тұпа-тура алпыс жасында дүниеден өткен болып шығады. Нақты, қатесіз.
Белгілі тарихи оқиғаларды, атақты тұлғалардың ғұмыр жасын айқындауда бұл, кейінгі теріс санаттың əжептəуір қателіктерге ұрындыратыны бар. Мысалы, Шəкерімнің ғұмыр жасы – жетпіс үш деп айтылған. Қысасты ажалы – 1931 жылы. Осы 1931-ден жетпіс үшті шығардық та, ақынның туған жылы – 1858 деп белгіленді. Осылай бекіп кетті. Шын мəнісінде жаңағы жетпіс үш жас – жетпіс үш емес, жетпіс екі. Сонда ұлы ақын туған жыл – анық, 1859 болып шығады. Біз Шəкерім қажыға қатысты зерттеу еңбектерімізде атап жазған едік, 1859 жылы туды деп. Елеп-ескерген ешкім болмады. Осы орайда, советтер шегінде ақиқат танылған əуелгі кезеңі – 1930-жылдар басында ұлы Абай – 1844 жылы туды деп жазылғаны бар. Елу тоғыз жыл ғұмыр кешкені мағлұм, ескіше – алпыс, 1904-тен алпысты шығарған да, 1844 деп түйіндеген. Арада бір-екі жыл өткенде бұл қате түпкілік түзетілді. Ал Шəкерімнің туған жылы күні бүгінде сол жаңсақ қалпы – 1858. Мұнда тұрған ештеңе жоқ деуге болмайды. Ғұмыр кешуі өз алдына. Белгілі бір шығармасының жазылған уақыты. Атаулы мерекелік ұлықтау бар, дөңгелек жасына байланысты кітаптары қайыра басылып, əрқилы шаралар өткізіледі, соның бəрі нақты мезгілінен бір жыл бұрынға көшіп келеді. Үйреншікті орыс жағдайына түсірейік: Пушкин 1799 жылы емес, 1798 жылы туған десек, бүткіл пушкинтану ғылымы қандай машақатқа ұшырар еді. Ал бізге бəрібір.
Сонымен, мүшелдің қате есептелуі – жеке бір пенделер ғана емес, тиесілі тарихқа да кері əсер жасайды екен. Енді тағы бір, бүгінде тілімізді бұзып біткен ерекше атау жөнінде. «Қорған» деген. Бұл «қорған» ауызекі ғана емес, қалыпты əдеби тілде – бекініс, қамал. Басқа мағнасы жоқ. Тарихи əдебиетте ғана емес, арғы-бергі танымда, ауызекі сөзде тек осы – қорғаныс жүйесі түрінде ғана айтылады. Туристік жобалар өз алдына. Біздің елімізде, соңғы жұқанасы сақталған атақты қорғанның бірі – Сауран. Күні бүгінде андағайлап тұр. Отырардың əйгілі қамал-қорғаны енді ғана аршылып жатыр. Мүжіліп тозса да, іргетасы, жөн- жобасы бар тағы əлденеше тарихи нысан белгілі. Ал бүгінде...
Бүгінде қазақ даласы қорғанға толып кетіпті. Жүз сан. Мың сан... Баспасөзде, интернетте, тіпті біздің тарихшылар қолынан шыққан деректі зерттеу еңбектерде... қаптаған қорған. Алтын адам табылған Есік қорғаны. Шығыс Қазақстан, Берелде ашылып, зеттелген жаңа қорғандар. Ашылмаса да, зерттелмесе де, бүткіл қазақ даласында жыпырлап жатқан қорған. Есебіне жан жетіп болмайды.
Қайдан келген, неткен ғаламат қорғандар? Ғаламаты рас. Жүз сан емес, мың сан екені де анық. Бірақ бұл, соңғы бес-алты жылда ресми түрде əдеби, тарихи əдебиет нұсқаларын басып кеткен қорған атаулының барлығы да... қорған емес, қорымдар, қазақ тіліндегі екінші бір атауы – мықтың үйі.
Иə. Сонау ғұн, сақ заманынан бастау алатын ежелгі мұрамыздың ұтымды, көрнекі бір нұсқалары. Өз кезінде, хан мен бек, атақты батырдан бастап, рудың, тайпаның, ұлыстың белгілі адамдарының мүрдесі жерленген ескілікті мола. Үлкенді-кішілі үймек. Жай ғана үймек, мола емес, үлкендері қаншама тарихи қазына сақтаған ерен ескерткіштер. Кейбірінің еңсесі биік, аумағы кең, енді біреулері айдынды, зор. Көпшілігі топырақтан көтеріліп, таспен бекітілген, іргесінен төбесіне дейін тастан үйілген, əйдіктері де бар. Айттық, біздің бүгінгі тілімізде – қорым, ауызекі ескілікте – мықтың үйі, арыда түрік-қыпшақ лұғатында оба деп аталатыны да бар. Бұл қорымдардың кейбірі тарихқа енген: мəселен, Алматының түбіндегі Есік қорымы, Қырымдағы Күл-оба, Орталық Сібірдегі Пазырық, Құдырғы. Біздегі, зерттелмеген ғажайып бір қорым – Кегендегі Жуан-төбе. Айттық, қазақ даласында атаулы, атаусыз мың сан қорым бар.
Енді осы ежелгі нұсқалардың барлығы да «қорған», яғни қамал болып кетіпті. Біздің қазақшаға шалағай, танымдық білігі де шамалы, орыс тілді тарихшыларымыздың теріс таңбаларының нəтижесі. Бұлардың дүмбілез жазбаларын сол қалпында қабылдаған дүмше газетші, журналист, шалағай баспагерлер біржола қалыптаған ерен еңбек. Бұл сорақы қайдан шықты десек... орыс тіліндегі «курган» деген сөздің аудармасыз, нақпа-нақ аунап түскен суреті. Сол орыс тілінің өзінде «курган» – крепость, яғни қамалды құрылым емес. Ескілікті үймек қана. Енді міне, қазақ тілінде түрленіп, қабырғалы қорған, айдынды бекініс болып шықты. Жəне əдеби тілімізге еніп, жаппай қолданысқа түсіпті.
Мұндай, талғамсыз, сауатсыз əуесқойлық бұрнада, əр тарапта талай рет көрініс берген. Бірақ көп ұзамай, жалпы жұрттың, немесе жекелеген бір əдебиетші, тарихшының айтуымен түзеліп жататын. Мəселен, қазақ үшін қастерлі «ұлыс» сөзі. Мəн-мағнасы ежелден айқын жəне бірбеткей. Ұлыс дегеніміз – мемлекет, Орда мағнасындағы сөз, кейінде «жалпы халық» есебінде. Мəселен, Ұлұғ Ұлыс, яғни Алтын Орда. Асқаралы мемлекеттің жеке бір бөлшектері: Ақ Орда, Көк Орда ұлыстары. Бүгінгі тəуелсіз елімізді Қазақ ұлысы деп атауға болады. «Ұлыстың ұлы күні» – бүкіл халықтық айтулы мереке – наурыз. Бəрі де анық, айқын еді. Осыдан бір мүшел бұрын, бүкіл Қазақстандық халық санағы кезінде мүлде басқа, кереғар, теріс мағнада көрініс берді. Содан соң, бір-екі емес, тұтас он жыл бойы жаппай қолданысқа түсті. Тіпті, əжептəуір ақын, жазушыларымыздың өзі осы қисық мағнасында қабылдап, одан əрі таратып жатты.
Бұл жаңа бір «ұлыстың» мазмұн, мағнасы не десеңіз – кəдімгі диаспора екен. Басқа бір мемлекет шегінде тұратын, байырғы, жергілікті емес, тұрғылықты ұлттық қауым.
Бүгінгі, тəуелсіз аталатын Қазақ елінде, соңғы бір, бір жарым ғасыр мұғдарында, сырттан келіп орныққан, əлбетте, тең құқұқты қаншама жұрт бар. Орыс өз алдына, украин мен белорус, татар мен өзбек, ұйғыр мен күрд, армян мен жойыт... Толып жатыр. Ең басым орыс – үш миллионға тартса, Өзбек алты жүз мың, ұйғыр үш жүз мың, татар мен кəріс жүз мыңнан. Басқа бір ұлттардың, бірнеше мың да емес, елу-алпыс, тіпті, бес-он, екі-үш кісісі – түгел есепте жəне бəрі де қазаққа қожайын. Əлбетте, диаспора деген атаудың ешқандай кемшін сыпаты жоқ, небəрі сырттан келген, тұрғылықты жағдай ғана. Алайда, біздің егемен өкіметіміз бұл қауымды «диаспора» деп атауға батпаған. Анығы – қорыққан. Шетке қаққандай болады екенбіз. Басқа бір сөз ойлап табу керек. Ақыры, жоғарыдан түскен нақты нұсқау бойынша... «ұлыс» сөзіне тоқтайды. Манағы миллион ғана емес, жүз мың ғана емес, оншақты, бес-алты, бір-екі кісі де «ұлыс». Ғажайып тапқырлық. Енді, басқасын айтпағанда, ең тақаудағы наурыз – «ұлыстың ұлы күні» емес, диаспора күні болып шықты. Жалтақтық пен жандайшаптық жемісі. Десек те, жаңа айтқанымыздай, күнделікті ғана емес, ресми, əдеби тілге де кірігіп бара жатты. Мұны аңдап, əлденендей уəж айтқан ешкім жоқ. Ақыры, тіл бұзарлық турасындағы əдепкі бір мақалада – мына біз жазған екенбіз. Ұлыс атауының түп мағнасын айғақтап, бір нихв, екі юкагир тұрыпты, миллион орыстың өзі «ұлыс», яғни мемлекет, бүткіл халық бола алмайтыны туралы. Менің əдебиетші балам айтқандай, осы мақаланы оқыған, анығы – өз тарабынан ой түскен əлдебір ғұзырлы, əйдік шенеунік тікелей нұсқау берген сияқты, келесі санақта қаймана халықтың барлығы «ұлыс» болмай шықты, диаспора да емес, əйтеуір қазақтан тыс жалпы жұрт. Жер-дүние шайқалған жоқ, өткен санақта ғана «ұлыс» аталғанын естіп-білмеген көлденең ағайындар тарабынан ешқандай наразылық тумады, аман-есен бүгінгі күнге жетіппіз. Соншама жалбақтамасақ та ештеңе бүлінбейді екен. Бүлінбесін. Жүрегімізді тоқтатып, тəуба деп қоялық. Тəуба.
Тілге қатысты, нанымға қатысты мəселелердің үлкен-кішісі жоқ, бəрі де мəнді, маңызды. Осы ретте, бұрнағы көп сөзімізге үстеме ретінде, үнемі көкейде тұрған бірді-екілі түйткілді қағазға түсірдік.
Алдағысы тағы бола жатар.
Кемер, Түркия,
29.VІІ.2024
Пікірлер (0)