«Тоқал алуды заңдастыру қажет»: Абзал Құспан осы мәселеге қатысты тағы бір жазба жариялады
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан facebook-парақшасында журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатындағы тоқал тақырыбына қатысты жазба жариялап, бұл тақырып Мәжілісте қаралып жатпағанын, депутат ретінде бұл мәселемен айналыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқалдықты заңдастыру қажет – Мәжіліс депутаты (ВИДЕО)
Онда біз де бірнеше күйеуге тиеміз: Баян Алагөзова Абзал Құспанға жауап берді
«Тоқалдықты заңдастыру қажет»: Мұхтар Тайжан депутаттың ұсынысын «далбаса» деп атады (ВИДЕО)
«Тек құқықтық қырына тоқталдым»
Ол көп әйел алу туралы бастама көтермегенін айтты.
Журналист Ербол Сейілханға 2 сағатқа жуық берген сұхбатымның ішіндегі тоқал тақырыбына қатысты бөлік көп талқы тудырды.
Бүгін Ерболдың әріптестері де сұрақтарды қарша боратты.
Өкінішке қарай, менің алдыңғы сұхбатта да, бүгінде «Мәжілісте бұл мәселе қаралып жатқан жоқ, ешқандай ұсыныс бермеймін» деген сөздеріме қарамастан, кейбір телеграм-арналар тағы да «мәжілісмен өз ұсынысын түсіндірді» деп айқайлатып тарата бастапты.
Сондықтан, осы жерде журналистерге не айтқанымды қысқаша түсіндірейін әрі бұл тақырыпқа өзім үшін нүкте қояйын.
- Мен көп әйел алу туралы өз бастамамды көтерген жоқпын. Бұл — журналистің тіке қойған сұрағына берген жауабым. Тек құқықтық қырына тоқталдым.
- «Неке және отбасы туралы» кодекс бойынша екі некеге тыйым салынған. Бірақ ол іс жүзінде жұмыс істемейді, себебі бұл тыйымды бұзғаны үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.
- Бұрын көп әйел алғаны үшін қылмыстық жаза болған. Ол - 1959 жылғы Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 107-бабы. Онда былай делінген:
«Екі немесе бірнеше әйелмен бір мезгілде бірге тұру, бірлесіп шаруашылық жүргізу (некенің тіркелуіне қарамастан) - екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен немесе бір жылға дейінгі түзеу жұмыстарымен жазаланады».
Бұл бап 1998 жылға дейін күшінде болған.
Менің ұстанымым - мұны қылмыстық жауапкершілікке жатқызудың қажеті жоқ шығар, бірақ жауапсыз әкелерге жауапкершілік жүктеу (әкімшілік, тәртіптік, материалдық т.б) және екінші некеден туған балалардың құқықтарын мемлекет өзі қорғауы тиіс, - деп жазды депутат.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: «Басқаның бақытын ұрлау – адасқандық!»: Қарақат Әбілдина Қабатовтың тоқалына ақыл айтты
Сенатор коучтардың кесірінен қаншама шаңырақ ортасына түскенін айтты
«Бұл Конвенция талаптарына қайшы келеді»
Абзал Құспанның айтуынша, заңдағы «некеде туған» және «некеден тыс туған» деген анықтамалар - баланы кемсіту, яғни дискриминация.
Біз 1994 жылы «Бала құқықтары туралы» конвенцияны ратификацияладық, ал ол бізге осындай міндет жүктейді.
Ал қолданыстағы кодекс нормалары тек аналардың белсенділігіне байланысты орындалып отыр.
Мемлекет тарапынан нақты іске асыру механизмдері жоқ.
- Заңдағы «некеде туған» және «некеден тыс туған» деген анықтамалар - баланы кемсіту, яғни дискриминация.
Бұл Конвенция талаптарына қайшы келеді.
- Жауапсыз ерлерге тек жаза енгізу мәселені шешпейді, себебі Конституциялық қағидаға сай заңның ауырлататын күші кері жүрмейді.
Демек, мемлекет екінші некеден туған балалардың құқығын қорғауды өз мойнына алса - бұл ішінара «екінші әйел» мәселесін де заңдық жолмен реттеу болар еді.
Қорытындылай келе:
Бүгін журналистерге айтқан негізгі ойларым — осы бағытта болды.
Тағыда нақтылап кетейін:
Мәжілісте бұл мәселе қаралып жатқан жоқ.
Мен бұл мәселемен депутат ретінде айналыспаймын! - деді ол.
Пікірлер (0)