Айдос әр күннен шаттық іздейді

Редакция таңдауы
view 179
news

Денсаулығына қарамастан ел қатарлы еңбек етіп жүрген қажырлы жандардың бірі – Айдос Садуақасов. Ол – Ұлытау облысы Сәтпаев қаласының тумасы. 2020 жылы денсаулығына байланысты Қосшы қаласына қоныс аударған. 1-топ мүгедегі. Диагнозы – созылмалы бүйрек жетіспеушілігі. Яғни, екі бүйрегінің жұмысы бұзылған. Сол себепті аптасына 3 рет 4 сағаттан гемодиализде жатады. Ол ағзадағы суды, токсиндерді шығарып, бүйректің жұмысын атқарады. Бұл аурудың емі жоқ дейді мамандар. Тек бүйректі алмастыру арқылы ғана жазылуға болады. Ал бүйректің доноры біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде тапшы. Табылған күннің өзінде Қазақстанда ағзаны сату, сатып алуға заңмен тыйым салынған. Айдостың ауруына ем іздеп баспаған тауы, бармаған жері қалмапты. Жарық дүниеден үмітін үзбек емес. Сол ізденістердің бірінде Минск қаласындағы клиникаға барады. Ол жақта барлығы заңды, операция жасауға да дайын көрінеді. Емделу құны – 35 млн теңге. Бұл ақшаны жинаудың, табудың өзі үміт пен үрейдің ортасында жүрген Айдосқа қиынға түсетіні анық. Бұл күйін ол былай жеткізді: «Менің осы ауруым анамның қанымен берілген. «Тұқым қуалау» деп жатады ғой. Жағдайымды әбден зерттеп, ауруымның емін білген соң, бұл тығырықтан шығудың жолын іздей бастадым. «Үміт соңынан өледі» дейді ғой. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Қанша жерден ауырса да, күнделікті тіршілік үшін Айдос такси істейді. Ол өзін мүгедекпін деп санамайды, еңбек адамымын дейді өзі. Күндік табысы әр қалай. Орта есеппен 5 мың табыс табады. Алайда көбі ем-домнан аспайды. Бүйректі алмастырып, ота жасау үшін 35 млннан астам теңге қажет екен. Әлеуметтік желілерге шығып, жағдайымды түсіндіре бастадым. Халық көмектесіп жатыр. Арнайы емге деп депозит те аштырдым. Бірақ ол ақшалар, әрине, отаның құнын жаба алмайды». Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Қанша жерден ауырса да, күнделікті тіршілік үшін Айдос такси істейді. Ол өзін мүгедекпін деп санамайды, еңбек адамымын дейді өзі. Күндік табысы әр қалай. Орта есеппен 5 мың табыс табады. Алайда көбі ем-домнан аспайды. Оның айтуынша, әкесі мен әпке-жездесі бірігіп көлік алып берген. Сол көлікпен күнін көріп жүр. Айдос денсаулығында ахауы бар тағдырластарына қайрат пен табандылық керектігін айтып, сыр бөлісті. «Бұл – бізге берілген сынақ. Өмірдің барлық сәттері мұңсыз, қиындықсыз бола бермейді. Иә, мүгедек болып та, бақытты өмір сүруге болады. Денсаулығына шағымданып, жұмыс жасамайтын адамдар өте көп. Егер жұмыс жасауға мүлдем қауқары болмаса, оны түсіну керек. Ал жұмыс істеп, нан табуға жағдайы кішкене болсын келіп тұрса, алға ұмтылуы тиіс. Маған жұмыс істеу қатты қиынға соғады. Ауруым үдеп, кейде шыдатпайтыны бар. Сонда да ер адам болған соң, бар күш-жігерімді жинап жұмыс істеймін. Алақан жаю ер адамға сын. Қазір мүмкіндік өте көп», – деп ол ағынан жарылды. Иә, ол ешкімге алақан жайып, қарап отырған жоқ. Өз күнін өзі көріп, барынша өмірдің ағынына қарсы жүзіп жатыр. Айдостың берік рухы – дені сау қаншама адамға үлгі. Оның сұрар көмегі – еміне қажетті қаражат. Егер де бір тағдырға бақыт сыйлағысы келер жандар болса, мархабат. «Көп түкірсе – көл» деген сөздің астарында қаншама тағдырдың бақыты жатыр емес пе? Эльмира МАҚСҰТБЕКҚЫЗЫ, Қосшы қаласының әкімдігінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі:

Қосшы қаласында 196 мүгедектігі бар жан тіркелген, оның 49-ы балалар. Үлкен кісілердің ішіндегі жағдайы жаныма батқаны – Айдос Садуақасовтың жағдайы. Неге десеңіз, екі күн сайын гемодиализге барады. Бұл кісінің ниеті мен еңбегі мені қайран қалдырды. Бір күн болсын өмір сүрсем деп бір теңгені екі теңге қылады. Мінезі салмақты. Осындай аурумен өмірін бақытты қылып сүруге тырысады. Әрбір күннен шаттық іздейді. Өмір сүруден үмітін үзбейді. Желтоқсанның 8-і «Қазақстан халқына» қорына өтініш берген. Кезегі келмей жатыр. Оған қарамастан жан-жақтан емделудің жолын іздеп, тынбай жүр. Қазір қаламызда бір облыс орталығының халқына парапар халық бар. Сондықтан жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді, қосшылықтарға көмек қолын созайық дегім келеді. Әсіресе, бизнесмен, кәсіпкер азаматтар белсенді атсалысса қиын болмас еді.

Мүгедектігі бар адамдар көбінесе медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау мекемелерінің басқа қызметкерлері тарапынан біржақты көзқарас, стигматизация және дискриминацияға шағымданады. Көптеген медицина қызметкерлері мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен медициналық қажеттіліктерін жеткілікті білмейді және түсінбейді. Сонымен қатар «мүгедектік» бойынша тиісті дайындығы төмен. Тіпті, медициналық мекемелер мен көмек көрсету орындары халықтың негізгі бөлігінің тұрғылықты жерінен көбіне алыста болуы, мүгедектігі бар адамдарға лайықталған көлікпен жету мүмкін емес аудандарда орналасуы да – үлкен мәселе. Өзіміз күнделікті көріп, қанық болып жүргеніміз – мүгедектігі бар адамдардың ғимараттар мен мекемелерге кіруі қиын. Жағдай жасалмаған. Егер шағым жасар болсаңыз, есік алдында тұрған «сау адам жүрсе құлап кететін» арнайы салынған сатыны көрсетеді. Дәретханалар, өту жолдары, есіктер көбінесе арбадағы адамдардың қажеттіліктеріне бейімделмеген. Бейімделген күннің өзінде ыңғайсыз. Ал есту қабілеті бұзылған адамдар үшін медициналық көмекке негізгі кедергі – денсаулық сақтау мекемелерінде жазбаша материалдар немесе сурдоаудармашылар қызметінің аздығы. Тіпті, жоқтығы. Қазіргі жағдайда бірнеше өткір проблемаларды бөліп көрсетуге болады: әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар; психологиялық проблемалар; білім алу проблемалары; жұмысқа орналасу проблемалары. ДДСҰ-ның зерттеуі бойынша мүгедектік мәселесі 1 миллиардтан астам адамда бар. Бұл әлем халқының шамамен 15%-ы. Ал елімізде 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 424,5 мыңы еңбекке жарамды жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%). Әлемдегі саяи жағдайлар мен апаттардың, созылмалы аурулардың ауыртпалығы мен халықтың қартаюына байланысты мүгедектігі бар адамдардың саны өсуде деп дабыл қағады. Қазір қоғамда оларға қатысты «мүмкіндігі шектеулі» деген тіркес бар. Соны «мүмкіндігі шектеусізге» қалай айналдыруымыз керек? Дәл осы тұста Марк Твеннің «керең еститін, зағип көретін тіл – мейірім» деген сөзі еріксіз ойға оралады.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *