Ыбырай Қажы: «Қазақтың салт – дәстүрінің бәрі исламмен сабақтасып жатыр»

Қосшы жаңалықтары
view 494
news

Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Қазақтың қай дәстүрін алып қарасақ т, Ислам дінінің иісі шығады. Бұл – ата-бабамыздың Илсам дінімен сабақтасып өмір сүргенінің дәлелі. Қазір Қосшы қаласында жастардың діни сауатын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалуда. Ислам дініне бір жақты қарамай, ілімге көңіл бөлумен қатар, «сауатты болу» деген мәселені қарастырып жүр. Өйткені, жастардың арасында діни сауатсыздықтың салдарынан өзге ағымға кетіп жатқандары немесе исламдағы айтылған хадис, сүре мәтіндерінің мағынасын тікелей түсіну арқылы, сауатсыздыққа жол ашып жатқан жастар қаншама. Қосшы қаласының белді азаматы Ыбырай Қажы дін мен дәстүрдің астасып жатқанын «Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни туған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер балаға екі, не бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойған. Сонымен қатар бұл үрдіс жаңа босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп-қалыптасуына және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді 40 күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Асыл дініміз Исламда да әйел босанған уақыттан бастап, 40 күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, етеккірі кезінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды, күйеуіне жақындаспайды. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қой барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс»,  – деп түсіндірді. Заман дамып, уақыт алдыға жылжыған сайын, құндылықтар да өзгеріп жатыр.  Жастардың діни сауаты –  қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Ал рухани сананы оятуда діннің алар орыны ерекше. Өйткені қазіргі қоғамда дінді бұрмалаудың нәтижесінде, оның ішкі мазмұнына үңілместен қаралайтын да жағдайлар  кездеседі. Ислам діні –  адамзат баласын тазалыққа, ілім-білімге, талапты болуға шақыратын дін. Өйткені, ақырзаман пайғамбары Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) ең соңғы, әрі кәміл түрде түсірілген Құран Кәрімнің ең алғашқы әмірі «Оқы!» деп келуі – Ислам дінінің білім-ғылымға қаншалықты көңіл аударғанын білуге болады. Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы жастардың дәстүрді діннен бөлектеп тастауына  «Теріс пиғылды ұйымдар жақтастарының санын көбейту барысында кез келген әрекетке баруы – шартты дүние. Сондықтан түрлі сенімге адастырып, өз мүдделерінің орындалуын үгіттейтін жат ағымға қарсы жастарды тәрбиелеу маңызды. ҚМДБ жастармен тығыз жұмыс істеп келеді. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Бүгінде мешітке келуші жамағаттың дені жастар екені бәрімізге мәлім. Сондықтан жастар ісі секторы­ның жұмысын күшейтуге назар аударып отырмыз. Өйткені жастарды түрлі ағымдар мен топтардың жетегіне жібермеу үшін біз олармен тығыз жұмыс жүргізуіміз керек», – деген болатын. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін елімізде атқарылып жатқан шаралар өте көп. Атап айтсақ, жастардың діни сауатты болуына арналған еліміздегі заманауи оқу үрдісіне сай  медресе мен университеттер, әр мешіттін жанынан діни сауат ашу курстары да жұмыс істейді.  Дін істері агенттігінің тарапынан арнайы баспалардан діни кітаптарға қаржы бөлініп, оны шығаруда қолға алынған шаралар да бар. Мұны айтып отырған себебіміз, қазіргідей жастардың діни кітаптарға деген сұранысын интернет қанағаттандырып отыр. Себебі статистика мәліметінше  дінге қызығатын жастардың 73 пайызы керек ақпаратты ғаламтор желісінен іздейді. Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры хабарлады.  Жастықтың буына мінген жастарардың құлағына жеткен жалған ақпараттар оларды тура жолдан тайдырып, түрлі келеңсіз істерге жетектейтінін көзіміз көріп отыр. Ал діни экстремизм мен терроризм көріністері бар қоғамда жастардың жат ағымға ұрынбай, дәстүрлі исламды бойларына  сіңіру үшін берілетін білімнің орны бөлек.  Дәстүрлі деп баса айтуымыздың себебі жат ағымдар біздің дәстүріміз дінге қарама қайшы деп те жастардың ойын улайды. Біздің дәстүріміз дінмен егіз. Бұл мәселеде  Қосшы қаласының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ыбырай  Қажы Қазанғапов «Қазақтың салт – дәстүрінің бәрі исламмен сабақтасып жатыр.  Бір ғана қарапайым мысал келтіретін болсам, қазақта Құдайы қонақ деген бар, келген қонаққа соңғы малыңды болса да сойып беріп, асты- үстіне түсіп мәз қылып қайтарып жібересің. Ал бұған Ислам діні не дейді, қияметте адамдар жолаушыларға, қонаққа берілмеген жәрдемің үшін сұраласың деген. Сол үшін де қазақ  одан кейін бұл шариғатымызда да бар жолаушының дұғасы қабыл дейді.  Тағы бір, мысал, шариғатымызда үлкенерді құрметтемеген, кішілерге мейірімділік қылмағандар бізден емес дейді. Ал қазақта не дейді? «Үлкеннің алдын кесіп өтпе, болар баланың бетін қақпа белін бу» дейді.  Айта берсең, саны көп. Қазақтың сөзі мен ісін қалай алып қарасаңда, түбінде осы ислам дініне келіп тірелеміз. Ал қазір түрлі дінбұзарлар келіп мынау дінде жоқ деп елге іріткі салып жүр, бұл дұрыс емес. Қазақ деген том-том болып жазылған діни түсініктермен талаптарды бір ақ ауыз сөзге сыйдырып, мақал-мәтелдермен жеткізіп отырған. Сол үшінде бізге білім керек, көзді ашып анықтап қарап оқу керек», -  деген болатын. Ислам дінін бүгінгі таңда да, келер ғасырларда да қоғам тынысынан оқшау қалдыруға болмайды. Өйткені, оның негізі адамзат өмірінің материалдық және рухани қырын жан-жақты әрі кеңінен қамтиды. Нақты айтқанда қоғамдық өмірдің барлық саласына бағытталған.  Сондықтан жастар рухани әрі саяси сауатты болса, қоғам жаңарады, әрі өркендейді.

Жасын Жолмырза

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *