Ақмола лифт – берекелі кәсіпорын
Экономика
2670
«Қазақстанда жасалған» деген тіркестің біздің елдің экономикасы үшін қаншалықты маңызды екенін білесіз. Осы сөздің маңызы мен қадір-қасиетін арттырып жүрген «Ақмола лифт» зауыты жайлы білеміз бе?
«Ақмола лифт» деп аталатын лифт зауытының иесі Қосшы өңірінің аумағында лифт өндірісімен айналысатын халық үшін осындай маңызды өндірістік объектіні сала алғанына өте қуанышты. Нәбиолла Оңалов бізге берген сұхбатында айтқандай, Қосшының қонақжай жері бекер таңдалмаған, мұнда бәрі қызық. Бірақ бұл зауыт иелері үшін маңызды емес, ең бастысы, олар өндірісті құру үшін күш-жігерімен халықтың осы өнім түріне деген қажеттіліктерін жабуға тырысады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи көтергіштер іс жүзінде жоқ екені жасырын емес, өйткені абаттандырылған үйлерде қалыпты лифтілер, жүк және жолаушылар тасымалы жоқ. Сондықтан еліміздің лифтшілерінің алдына «максимум-міндет» қойылды – лифт өндірісін ұлғайту және ұлғайту ғана емес, сонымен қатар импорты кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін шетелдік қосалқы бөлшектерге тәуелді болмау үшін локализацияны арттыру. Қосшыдағы лифт зауытының өкілдері бұл міндетті ең жоғары деңгейде орындады және абыроймен орындады, өйткені тұрақты өндіріс қана емес, жыл сайын үлкен қарқын алып келе жатқан оның өсу перспективалары бар. Бүгінгі таңда бұл өндірістің жоғары технологиялық процесі, жоғары технологиялық қамтамасыз ету, заманауи технологиялар және тиісті оқытуы бар. Өз күшімен кабиналар мен металл бұйымдарының құрамдас бөліктерін өндіретін қазақстандық тарап та заманауи талаптар мен шындықтардан артта қалмайды, бұл тапсырыс берушінің шарттық талаптарына сәйкес масштабты бейімдей отырып, өзіндік құнын қысқартуға және өндіріс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қарыштап дамыған қазіргі заманда зәулім ғимараттар мен биік үйлерді, кең сарайларды заманға сай лифтсіз елестету мүмкін емес. Көзді ашып-жұмғанша оның қалай жоғарыға көтеріп, қалай төмен түсіретінін, қандай механизммен қызмет қылатынын ұғып жатпаймыз. Ал дәл осындай лифтердің біздің Қосшы қаласында өндірілетінін біреу білсе, біреу біле бермейді.
«Ақмола лифт» зауыты 2015 жылы өз жұмысын бастаған. Бастапқы кезеңде лифт және эскалатор ғана өндірген. Қазіргі таңда зауыт жылына 2000 лифт, 100-ге тарта эскалатор, 40 шақты мұнаралы кран шығаратын қуаты бар. Зауыт 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы үш өндірістің негізгі металдан құралатын бөлігін Қазақстанда жасайды. Ал қалған елде өндірілмейтін бөліктерін Қытайдан бөлшектеп сатып алады. Содан оны зауытта құрастырып, толық өнім шығарып, мекемелерге, нысандарға жеткізіп береді. Мұндағы локализация деңгейі – 72 пайыз. «Сертификатымыз бар. Локализация алғашында 63 пайыз болған. Кейін еден, қабырға, потолокты қосып 72-ге жеткіздік. Қалған 28 пайызын, яғни, электроника[1]сы бар, «миы», либиоткасы, ашылып-жабылатын есіктің механизмі сияқты өндірілмейтін заттың бәрін шеттен әкелеміз. Ал елімізден алатын металды листпен хлистап аламыз да, станоктар арқылы кесеміз. Керекті көлемді осы листогип сияқты станоктарда шығарамыз. Кесілген материалдарды сызу бойынша тесеміз, өңдейміз, соңында дәнекермен құрастырамыз. Содан тазалап, сырлап, қаптап нысанға жеткізіп береміз. Әлі де әрбір қабаттың есіктерін өндіріп, көрсеткішімізді тағы көтерсек деген ойымыз бар» – дейді цех бастығы Нәбиолла Оңалов.
Лифтке кірген кезде әдетте кабинасы ғана көрінеді. Ал артқы шахтасында не барын жай адамдар біле бермейді. Нәбиолла Еркінұлы дәл осы зауытта нобайы пішіліп, қабырғасы кесіліп, бекітпелері бекітіліп, бөлшектері дәнекерленіп дайын болатын жеделсатылардың әр бөлшегіне тоқталып, қайсысы қалай жасалатынына дейін көрсетті. «Зауытта жұмысшылар лифт жасауға қажетті металды июге, тесуге, тегістеуге, бұрандаларын қатыруға арналған құрылғылармен жұмыс істейді. Жаңа айтып өткенімдей, гильотина, листогип сияқты бірнеше станоктарымыз бар. Алдымен лифт қорапшасы сынды негізгі бөліктері құрастырылады. Жалпы кабинаны ұстап тұратын рамасы және оның қарсы салмағы (противовесі) болады. Мысалы, лифт бірінші қабатта тұрған кезде қарсы салмақ соңғы қабатта тұрады. Қарсы салмақ пен лифтінің жүк көтерімділігі бірдей болады да, бір-бірін басып жүреді. Мәселен, қарсысалмақтың біреуінің салмағы 50-55 келіден. 25 данасы 1 лифтке кеткенде, 1 тонналық лифт болса, сонда 1,5 коэффициентпен қарсы салмағы 1,5 тонна болады. Өйткені, кабинаның ауырлығы бар, ішінде тұратын адамдардың ауырлығы бар. Сондай-ақ кабинаның, қарсы салмақтың жақтауы, матордың астында тұратын жақтау, кабинаның жолдары қабырғаларға бекітілетін осы зауытта өндіріледі. Қарсы салмақтың өзінің темірден, бетоннан жасалатын түрлері бар. Оны да біз өндіреміз» – дейді цех бастығы. Оның сөзінше, зауытта жеделсатының тот баспайтын болаттан және темір мен әйнектен жасалатын түрлері сұранысқа ие. Негізінде лифтілер жүк көтерілімділігіне байланысты әртүрлі салмақта жасалады. Мәселен, 400 кг, 630 кг, 830 кг, 1 тонна, 1 тонна 250 кг, одан ары 3000, 5000 деп кете береді. Оның ішінде тұрғын үйлер мен кеңселерге арналған стандартты лифтілер, ауруханаларға арналаған кең кабиналы лифтер, машинаны көтеруге арналған, кісі тасымалдаушы, жүк тиейтін лифтерге және тағы басқа да жеделсатының түр-түріне тапсырыс қабылдайды. Компанияның отандық лифт нарығында үлесі қандай? Бүгінде мұндағы құрастырылатын лифтілер нарықта электроника жағын өндіретін француздық «SHNAIDER» маркасымен белгілі. «SHNAIDER» маркалы лифттердің бағасы 10 млн теңгеден басталады екен. Маманның айтуынша, біздің елде шетелден кіретін дайын лифтер өте көп. Бірнеше компания айналысады. Солармен бәсекелес. «Біздің бағамыз төмен, бірақ НДС төлейтін кезде ұтылып қалып жатырмыз. Өйткені, сырттан келетін лифтер бізден 20 пайызға бағасы арзан келіп жатыр. Мәселен, 9 этажды лифт орнатусыз 10 млн тұрады. Баға жоғары болуы орнатылатын нысанның қабат санына да байланысты, яғни, қабат жоғарылаған сайын бағасы да өседі» – дейді Нәбиолла Еркінұлы.
Цехтың тағы бір бөлігі негізінен тек эскалатор өндірісіне арнала салынған екен. Алайда кейіннен бұл жерде эскалатормен қатар мұнаралы крандар құрала бастаған. Эскалатордың негізгі қаңқасы зауытта өндіріледі. Әуелі оны өндіру үшін арнайы шұңқыр керек екен. Бұл бөлімнің өзінде екі шұңқыр бар. Яғни, параллельді түрде екі эскалатор жасай беруге болады. Астыңғы жағы шұңқырға кіріп тұрады. Баспалдақтары, ұстап жүретін поручень, әйнегі, датчиктері бар – соның барлығын шеттен әкеледі. Сөйтіп, оны да құрастырып, жүргізіп, нысандарға жеткізіп орнатып береді. Ал кәсіпорынның жаңашылдығы – мұнаралы крандар. «Мұнарал кранның мұрны болады, содан аяғы болады. Мұрнын қалада өндіреміз де, аяғын осында шығарамыз. Жақында мына бір екіжақты бірдей жонатын станокты алдық. Крандағы 4 аяқ 2,8 метрден бөлшек-бөлшек болады. Биіктіктері бірдей болу керек. Әйтпесе, кран қисайып кетеді. Жақында ғана Өзбекстаннан мұнаралы кранға тапсырыс келді. Сондай-ақ Астанадағы индустриялды бақтан тағы бір цехқа орын алдық. Қазір ол жерде зауытымызды салып жатырмыз. Болашақта сонда көшеміз деген ойымыз бар», – дейді өз ісінің маманы. Отандық өнімге қолдау керек Мемлекеттік тапсырыс щеңберінде отандық лифт өндіруші компанияны мемлекет қаншалықты қолдайтынын сұраған едік. «Зауытты өз күшімізбен салдық. Станоктың бәрін өзіміз сатып алдық. Барлық мекемеге хат жаздық. Мемлекет тарапынан әзірге қолдау көрген жоқпыз. Бірақ жақында ғана бізге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзі қолдау көрсетеміз деп хабарласты. Біз барлық құжаттарымызды дайындап, тапсырысымызды беріп қойдық. Енді күтіп отырмыз. Біз отандық өнім шығарып жатқандықтан, әрине, мемлекет тарапынан көмек болса жақсы болар еді», – дейді ол. Цех бастығының айтуынша, жеке меншік компаниялардан, мемлекеттен де тапсырыс түседі. Бірақ тапсырыс саны өте аз. Мысалы, айына шаққанда соңғы уақытта жобамен 15 шақты лифтке тапсырыс берген. Зауыттың негізгі мүмкіндігі 2000-ға дейін болғанымен, жылына 150-дей лифт қана шығарылады. Отандық өнімнің артықшылығы «Біздің өнімнің айырмашылығы бағада ғана. Сапа жағынан бірдей. Егер эскалатор Қытайдан келетін болса, яғни, бірден дайын күйінде келеді. Ол құрастырылғаннан кейін Қытайдан бері жолда шайқалып келеді. Қайтадан реттеуі бар. Ал бізде біраз жұмыстарды осында істеп беруге болады. Өзіміз құрастырып, дайын күйінде нысанға жеткізіп береміз. Одан ары қарай қызмет көрсету бар. Детальдер жетпей қалса, жеткізіп береміз. Мәселен, кранды толық сатып алса, салып біткеннен кейін мүмкін биік нысан болса, кранның бойы жетпей қалады. Ол үшін қосымша аяқтар жасап береміз. Сондай мүмкіндіктер болады» – дейді Нәбиолла Еркінұлы. Компания өкілдері тапсырыс алу үшін Түркістан, Ақтау, Өскемен, Павлодар, Екібастұз, Тараз, Шымкент сияқты қалаларға шыққан. Жалпы бүкіл қаладан тапсырыс түседі дейді компания өкілі. Ең алғаш ашылған жылы компания ЭКСПО тұсында шардан бөлек өзге павильондарға 77 лифт пен 8 эскалатор орнатқан. Ескі вокзалдағы эскалаторларды да ауыстырған осы компания. «Жалпы, ТМД-да эскалатор өндіретін зауыт жоқ. Мұнаралы кран өндіретін зауыт жоқ бізден басқа. Мұнаралы кран өндірісіне 2 жылдан асты. Қалай өндірілу керек ол жөнінде толық кезеңнен өттік. Өзіміздің мамандарды дайындадық. Кран толық 80- 90 пайызы бізде өндіріледі деп айта аламын, себебі көзге көрінетін кабина, мотор, трос, датчикері ғана Қытайдан келеді. Қалған конструкция осы жерде өндіріледі», – деп түйді сөзін компания өкілі.
Ел Риза
Пікірлер (0)