Балжан Нұрғалиқызы: Ата-аналардың жіберетін үлкен ағаттығы – баламен сөйлеспеу
Қосшы жаңалықтары
375
Елімізде балалардың кеш дамуы 75% жағдайда дер кезінде анықталмайды. Қосшы қалалық №1 емхананың психологы Балжан Нұрғалиқызы Қанапияевамен баланың кеш даму себептерін саралап көрдік. «Баланың сөздік қорына, тіліне, көңіл-күйіне көңіл бөлмейтін болсақ, баланың дамуы кешеулейді», – дейді психолог. Бұл мәселеенің себебі мен шешімін сұхбатымызда айтуға тырыстық.
– Баланың кеш дамуының себептері қандай?
– Баланың кеш дамуының себептері көп. Мұның ең көп кездесетін себебі – бала туылғаннан кейін белгілі бір инфекциялық ауруларға шалдығуы. Екінші себебі – анасының аяғы ауыр кезінде үлкен депрессияға ұшырауы. Баланы өмірге әкелерде үлкен қиындықтар болуы мүмкін. Үшінші себебі – анасының әртүрлі алкагольді ішімдіктер мен темекіге әуес болуы, психологиялық препараттарды қолдануы. Төртінші – тек әсер етуі мүмкін. Бесінші – балаға дұрыс күтім жасалмай, ата-анасының үнемі ұрысуы. Осының бәрі баланың кеш дамуына әсер етеді.
– Бұл мәселеленің алдын алу үшін не істеу керек?
– Жас отбасы отбасы құрғаннан кейін жоспарлы түрде бала болғанын қалайды. Осы жерде анасының құрсағына бала біткеннен кейінгі көңіл-күйі үлкен рөл ойнайды. Таза ауада серуендеп, іште жатқан баламен әкесі де, анасы да сөйлесу – маңызды. Өйткен, баланы туғаннан кейін тәрбиелеу мүмкін емес. Бала дүниеге келмей тұрып, анасы мен баласының арасында үлкен үйлесімді қарым-қатынас болған жағдайда, балаларда психоневрологиялық ауытқулар аз болады, алдын алуға болады. Одан кейін жүкті әйелдер дәрігерлердің айтқанын орындап, тексерістен өтіп тұруы керек. Мысалы, Қосшы емханасында әр жүкті әйел жүйелі тексерістен өтіп отырады. Мен психолог ретінде жүкті әйелдің психологиялық күйіне мән беріп, бала өмірге әкелгеннен кейінгі күйзелістен сақтайтын профилактикалық жұмыстар жүргіземін. Осы жұмыстардан кейін ананың өз баласына деген жауапкершілікті сезімі, қарым-қатынасы мүлдем басқа жаққа өзгере бастайды.
– Баласы кеш дамып жатқан ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
– Баланың кеш дамуы интерпретациялық қорытынды емес. Осыны ұғыну қажет. Балаға бала деп емес, адам деп қарау керек. Оның эмоционалды көңіл-күйін түсініп, ашу мен еркелігін көтере білсек, әр қадамының себебін білсек. Ана психологиялық сауатты болған жағдайда, бұл мәселені шеше аламыз. Маған мектепке баратын баланы профоссмотрға келгенде, 20 минут бойы оның психологиялық, дамуына асықпай тоқталып барып баланың жан күйіне мән беремін. Сұрақтар қою арқылы, ойын арқылы, диалог жүргізу арқылы осы үш әдіске тоқталамын. 7 жастағы баланың сөздік қоры 5000 деп айтсам көп ата-аналар таңданысын айтады. Бала толықтай сөйлей алуы тиіс. Мектепке баратын бала, ең бірінші психологиялық дайын болуы керек. Өз басым бала толық жеті жаста барғанын құптаймын. Көпшілік ата-аналар балам жеті жасқа дейін құры жүрмесін деп баланың қалауынсыз мектепке береді. Баланың дамуы, баланың сөздік қорына, ұсақ, ірі моторикасына, баланың сөйлей алуы, кітаптағы бейнелерді айта алуы. Түстерді ажырата алуы. Өзінің аты-жөнін, ата-анасының аты-жөнін, неше жаста екендігі? Қай жерде тұратын сұрақтарға толықтай жауап бере алуы керек. Бала материалдық әлемді ойын арқылы таниды. Бала жеті жасқа дейін ойынға қанығып өскені дұрыс. Ойынға қанбаған баланың дамуы мен психологиялық дамуы артта қалса бала мектепке барғанда үлкен психологиялық жарақат алады. Егерде жоғарыда аталған нұсқаулыққа сәйкес келсе балаңызды мектепке беруге болады. Балаңыз толықтай сөйлей алмаса мына мамандар аралас көмек көрсете алады: невролог, логопед, психолог. Өзіңіздің жергілікті емханадағы дәрігерге жүгінсеңіз болады.
– Ата-ана күйзелісі балаға әсер ете ме?
– Әлбетте. Ата-ананың көңіл-күйі, психологиялық жағдайы, ішкі жарақаттарының барлығы балаға әсер етеді. Ата-ана баланы дүниеге әкелмес бұрын, психологиялық жай-күйін реттеп алуы керек. Баланың психологиялық дамуына әке-шешесінің қарым-қатынасы тікелей байланысты. Бала әлемді ата-анасы арқылы көреді.
– Қосшы қаласында балалардың дамуы қалай жүріп жатыр? Кеш даму мәселелесі қаншалықты бар?
– Қосшы қалалық №1 емханасында жұмыс жасап жатқаныма 5 айдай болып қалды. Балалардың дамуы өзінің жасына лайық деп айту қиын. Баланы профоссмотрдан өткізіп, тексерген кезде, ананың баласына деген қатынасына көңілім толмаған кездер көп болды. Ананың баланың жай-күйіне үңіле алмауы – ойландыратын дүние. Баланың дамуына әсер ететін бірден-бір фактор – ата-ана мен баланың арасындағы диалог. Бұл бізде ақсап тұр. Бала мен ана арасында диалог болатын болса, екеуі бірге ойнайтын болса, баланың эмоциялық күйіне үңілетін болса, баланың кеш дамуының алдын алуға болатын еді. Біз профоссмотр кезінде анықтап жатамыз, тіпіт, 7-сыныпқа баратын балалар өзінің қай жерде тұратынын, ата-анасының атын білмей жатады. Мұның себебі диалогтың жоқтығы. Бала материалды әлемді ойын арқылы түсінеді. 7 жасқа дейін ойынға қанып өскен баланың интеллектісі, сөйлеуі, дамуы жақсы болады.
– Бала тілі неге кеш шығады?
Балалар тілінің кеш шығуының басты себептері: жүктілік кезінде ана көңіл-күйінің дұрыс болмауы, күйзелісте болуы; тұқым қуалаушылық фактор; таңдайда не ерінде жырықтардың болуы; дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі; ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс істемеуі; баламен сөйлеспеу (ата-ананың баламен әңгімелеспеуінен, қарым-қатынастан оқшаулауынан баланың тұйықталуы); қатты қорқып қалудан болған тұтығу; өзге аурулардың, қолданған дәрі-дәрмектердің әсері. Туғаннан бастап 1 жасқа дейінгі бала 20 сөз білуі керек. 1 жас пен 2 жас аралығындағы бала 300 сөз, 2 жас пен 3 жас аралығындағы бала 800 сөз, 3 жас пен 4 жас аралығындағы бала 2000 сөз, 4 жас пен 5 жас аралығындағы бала 4000 сөз білуі керек. Мектепке баратын бала 5000 сөз білуі қажет. Баланың сөздік қорына, тіліне, көңіл-күйіне көңіл бөлмейтін болсақ, баланың дамуы кешеулейді. Баланы дамыту үшін кітаптар оқытып, бейнероликтер көрсетіп те тұру қажет. Қарапайым, тамақ ішіп отырған кезде анасы «Бүгін біз алма жеп отырмыз. Түсі – қызыл. Қарашы, қандай дәмді» деп сөйлесіп отырса баламен, үлкен септігін тигізеді. Ата-аналардың жіберетін үлкен ағаттығы – баламен қысқа қайырып ғана сөйлесу, «Иә», «Жоқ», «Ммм», «Аха» деген сынды жауап қайтару.
– Бала дамуының тежелеуі физиологиялық, психологиялық тұрғыдан қалай сипатталады?
– Физиологиялық тұрғыда тілінің кеш шығуы, қозғалысында белгілі бір функцияларды орындай алмауы. Мысалы, мамасы «жарықты өшір», «ана затты алып кел» десе орындай алмай жатады. Өздігінен жүре алмайды, қозғала алмайды. Ең қарапайым тапсырмаларға да шамасы келмейді. Баланың баяу қозғалуы, ақыл-ойының кемдігі, мінез-құлқындағы өзгерістер, үнемі агрессияда жүруі жатады. Психологиялық сипатына келсек, баланың үнемі шыңғыруы, түнде шошып оянауы, ұйқысының дұрыс болмауы да осы сипатқа кіреді. Баланың эмоционалды психологиялық тұрақсыздығын байқасақ, алаңдауға себеп бар деген сөз. Бала көңілді жүреді де, бірден ашуланып шыға келсе, атын атаған кезде қарамайды.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!
Ел Риза
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)