Қазақ тілі – азаматтық таңдауым
Қосшы жаңалықтары
134
Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген махаббаты ерекше. Жыл өткен сайын қазақ тілді өзге ұлт өкілдері артып келеді. Елде тұратын өзбектердің 72%, ұйғырлардың 71,7%, тәжіктердің 63,6%, немістердің 25,2%, украиндардың 23,7%, орыстардың 25,1%-ы қазақ тілінде жетік сөйлейді.
Ана тілімізді қазақтардың өзі білмей, түсінбей жатқанда өзге ұлт адамдары үйренуіннің сыры неде? Қазақ тілін өз ана тіліндей жетік білетін орыс қызы Янадан сұрап көрдік. Яна – Көкшетау қаласының тумасы. Орыс отбасында дүниеге келіп, орысша тәрбиеленген. Қазақша еркін сөйлеп, еркін жазады. Тіпті, Абайдың өлеңдерін де жатқа біледі. Тілге деген ықыласын «Мені 3 жасымда ата-анам қазақ бала-бақшасына берді. Себебі үйге ең жақыны сол еді. Ес білгелі қазақ ортасында болдым. Басында қазақ тілін үйренуге еш құлқым болмады. Кейінірек бұл тілдің құдіретін ұғына бастадым. Сондай әуезді тіл. Бір ұлтты сүю үшін сол ұлттың тілін меңгеру жеткілікті екен», – деп түсіндірді. Яна 11 жылдық мектепті қазақша оқып, жоғарғы оқу орнына да қазақ тобына оқуға түскен. Яна Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін аяқтаған. Ұлты орыс демесеңіз, кәдімгі қазақ. Тілді қалай меңгергені жайлы «Бала-бақша, мектеп, университетті қазақша оқыған соң, қалай үйреніп кеткенімді байқамай қалдым. Ең бастысы – жақсы орта. Дәлірек қазақ тілді орта. Мен көп қазақтарды білемін. Қазақша сөйлей алмағаны былай тұрсын, үйренуге тырыспайды да. Бұл қылмыс емес пе? Осы мемлекетте тұратын әрбір адам, қандай ұлттың өкілі болса да қазақ тілін білуге міндетті. Себебі – ол қазақстандық. Мен бірінші – грамматиканы үйрендім. Екінші – қазақша кітаптар оқып, өлеңдер жаттадым. Үшінші – қазақ тілді ортада көп болдым», – деді.
Янаның осы жауабына қарап, ана тілін дамыту үшін қазақ тілді ортаның сауаттылық деңгейі, мәдениеті жоғары болу керектігін ұғынамыз. Тағы бір үлкен қадам – қазақ тілін үйренуге деген қажеттілікті тудыру. Яна – болашақ журналист. Журналистикаға келуіне қазақ тілі себеп болған. Оның сырын «Журналистикаға келуіме, өз жолымды табуыма қазақ тілі көмектесті. Тілді меңгеру жолында қазақ жазушыларының кітаптарын, ғалымдардың жұмыстарын көп оқыдым. Солай сөзге ғашық болдым. Сөз өнері өміріме әр сыйлайтынын ұғынған сәтте, кәсібімді таптым», – деп сыр шертті. «Мен өз ана тілімді де сүйемін. Қазақ тілін де жақсы көремін. Бір ананың екі баласына деген махаббаты секілді ғой. Қазақстанда тұру, қазақ тілін үйрену, қазақша сөйлеу – менің азаматтық таңдауым. Қазақ тілі – осы мемлекеттің ауасы. Ауасыз өмір сүру мүмкін емес қой. Мектепте оқып жүргенде, тіпті қазір де көп адамдар менің тіліме таң қалып қарайды. Бірақ бұған таңданудың еш қажеті жоқ. Мен өз міндетімді ғана атқарып жүрмін», – деген тұшымды ой айтты.
Осы тұрғыда қазақ тілін өзге ұлттың адамдары қадір тұтып сөйлеп жүрсе, қазақтардың сөйлемейтіні несі деген риторикалық сұрақтың туындауы орынды шығар. Өзекті өртер бұл мәселенің шешімі – сіз бен біздің қолымызда.
Ел Риза
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)