Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолға алды.
«Сыбайлас жемқорлық» деген түсініктің өзі «corruptio» деген латын сөзін алынған, мағынасы «параға сатып алу», «пара» деген ұғымдарды білдіреді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлықпен күрес –заманауи қоғамның басты бұлжымас қағидаттардың бірі болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері күнделікті өмірімізде қызметкерлер тарапынан қызмет өкілеттігін теріс пайдалануда, билік пен қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануда, жеке басының пайдасы үшін пара алу мен пара беруде, пара беруші мен пара алушының ортасында делдал болуда, сеніп тапсырылған бөгденің мүлкін иеленіп кетуде немесе өз мақсатында пайдалануда не ысырап етуде, біле тұра жалған жауап беру мен жалған құжат жасауда немесе соған итермелеуде және т.с.с. көрініс табады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен пәрменді күресу үшін халық арасында ақпараттық-құқықтық түсіндіру, құқықтық сауаттылық мәдениетін көтеру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңызы зор. Әрбір азамат өзінің құқықтарын біліп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданып, қолданысқа енгізілді. Осы нормативтік құқықтық актілер аясында өмірдің барлық салаларында сыбайлас жемқорлықпен күресу және оның қоғамда орын алып отырған көріністерін азайтуға үлес қосу, мемлекетке және оның институттарына деген сенімді нығайту – қоғам мүшелерінің алдындағы басым мақсаттардың бірі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне келгенде, әсіресе, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің жауапкершілігі аса жоғары болмақ. Себебі, сыбайлас жемқорлыққа жол беру – мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіру, еліміздің болашағына балта шабу. Сондықтан да осы зұлымдыққа жол бермей, онымен күресу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп білу керек.
Бүгінгі күні қаламыздағы құзырлы органдар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған. Халыққа көрсетілетін қызметтер толық және ішінара электронды форматқа ауыстырылған. Көп жағдайда бұрынғыдай әкімшілік ғимараттарға келудің, сағаттап кезекке тұрудың, алуан түрлі анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Елімізде табысты іске асырылып жатқан цифрландыру саясатының арқасында мемлекеттік қызмет алушыларға қатысты мәліметтер автоматты түрде ақпараттық жүйелер арқылы алынады. Мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында өзекті ақпарат жиі жарияланып, сол платформаларда тікелей эфирлер жүргізіледі. Одан бөлек, мүдделі ұйымдар мен мекемелер қызметкерлерімен бірлесе отырып, «дөңгелек үстелдер», оқу семинарлары ұйымдастырылады, жергілікті мерзімді баспасөз беттерінде де сала-сала бойынша тиісті ақпараттық мақалалар жиі жарияланып отырады. Мемлекеттік мекемелер орналасқан ғимараттар дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен қамтамасыз етіліп, тұрмыстық деңгейде жемқорлыққа жол берілмеуін қамтамасыз етеді. Халықтың өтініш-тілек, арыздарын тыңдап, қанағаттандыру үшін бекітілген кестеге сәйкес «Адалдық алаңдары» өткізіледі.
Осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істердің нәтижесінде, тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптасары сөзсіз.
Жаңару мен жаңғыру жолындағы Жаңа Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы жарқын ел болуы өз қолымызда.
Толқын Бейсенбаева,
«Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімі»
ММ бас маманы
Пікірлер (0)