Тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгерістер қажет

Редакция таңдауы
view 461
news

Елімізде әлдебір жаңашылдық енгізуде асығыстық бой көрсетіп жатады. Жақсының өзін түбегейлі зерттемей жатып, ыссылай қауып, аузымыз күйетіні жасырын емес. Осындай олқылықтың бірі – тұрғын үй қатынастары туралы заңға енгізілген өзгерістер. Екі жыл бұрын басталған реформа саланың мәселелерін түпкілікті шешердей болып іске асырылуы керек еді. Әттеген-айы сол, мұның бәрі түптеп келгенде, жан-жақты зерделенбегендіктің кесірі болып отыр. Жақында өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген кеңесінде мемлекет басшысы осыған қатысты сын айтып, олқылықты жедел түзеу туралы тапсырма берді. Өкілетті органдар іске кірісіп, арнайы жұмыс тобы да құрылды. Оның құрамында Қосшы қаласының белсенді тұрғыны, «Лесная поляна» шағын ауданындағы мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Еркебұлан Мыңжасаров та бар. Ол Қазақстан бойынша үшінші, Ақмола облысы бойынша алғашқы болып тіркелген мүлік иелері бірлестігін екі жылдан бері басқарады. Тұрғындар заң талабы бойынша бір жылға төраға етіп сайлаған. Кейін мерзімі аяқталғанымен, көпшілік қалауымен төрағалық қызметке қайта сайланып, қызметін жалғастыруда. Сұхбат ҚР Президенті айтқан сынға қатысты сұрақтардан басталды. Оның айтуынша, сын орынды айтылып отыр.

– Мемлекет тығырыққа тірелген тұрғын үй қатынастары туралы мәселені жаңадан құрылатын Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) арқылы шешеміз деп ойлады. Бұрынғы пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) тиімсіз болып шықты. Қалай ойлайсыз, МИБ екі жыл ішінде тұрғын үй қатынастарына қандай өзгерістер әкелді? – Осы отыз жылдың ішінде бәріміз байқап, көзбен көріп жатырмыз, сіздің де көзіңіз жетіп жатқан шығар, тұрғын үйді бұрынғы басқарушы компаниялар өз монополиясын құрып, өзі құрылысшы, кейін өзі сол үйді басқарушы болып, бір қазанда қайнап, тұрғындарға ешқандай ақпарат бермей, көпқабатты үйлердің бәрін «жекеменшікке» өткізіп алған. Құжаттардың ешқайсысы сәйкес келмейді, орнатылған техника, аппаратуралар құжатта қымбатқа сатып алғаны көрсетілгенімен, шын мәнісінде, арзан әрі ескі күйінде тұр. Әрине, сөз басында айтқанымдай, ол үшін тұрғындарға ешқандай есеп берілмеген, қисабы жасалмаған. Соңғы екі жылдың көлемінде көппәтерлі үйлердің тұрғындары нысанның салынуынан бастап, оның өкілетті органда тіркелуі қалай жүзеге асқанына дейін, одан кейінгі ағымдағы жөндеу жұмыстары қалай жүргізілгені жайлы барлық мәліметті ашық ресурстар арқылы көріп біліп, көз жеткізіп жатыр. Бұл «Тұрғын үй қатынастары туралы ҚР Заңына» енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың арқасы деп білемін. Ашық үкімет қағидасы бойынша қоғамның да мәліметтерге қолы жетіп отыр. Бірақ Президентіміздің осы саяси ұстанымына қарсы болып жүрген «ескі» жүйенің адамдары ашықтық ұстанымына әлі де кедергі келтіріп, қисынын тауып, қиядан шауып, жолымызға тікен төгіп жүрген тұстары да жоқ емес. Әрине, ондаған жылдар бойы сауын сиырдай мол сүт беріп тұрған өз бизнестерін халықтың өзіне қайтарып беруге қарсы болулары түсінікті жайт. Бұл – ескі мен жаңаның тартысы. Сондықтан да Мүлік иелері бірлестігінің (бұдан әрі – МИБ) төрағалары мен мүшелері сот табалдырығын тоздырып жүр. Заң талаптарының сақталмауы немесе, тіпті орындалмауы тұрғындар мүддесінің аяқасты қалып, олардың өмір сүру сапасын, ортасын арттыруға кедергі болуда. Үйдің мемлекеттік сараптамадан өткен кездегі талаптарға толық сәйкес келмеуі, көптеген тұрғынның жанайқайының МИБ арқылы шығып жатқаны сөзімізге дәлел бола алады. Оның ішінде айта кетсек, мысалы, заң бойынша жылудың ортақ есептегіш құралы болуы керек (құрылыс компаниясы талап бойынша оны өзі орнатуы тиіс), ал оның орнатылмауының кесірінен 2019 жылға дейін тұрғындар ортақ тарифпен жылу құнын төлеп келді. Тек 2019 жылдан бастап белсенді тұрғындардың араласуымен әр пәтерден қаражат жинап, көппәтерлі үйге ортақ есептегіш құрал сатып алынып, орнатылды. Соның арқасында қазір тұрғындар өздері тұтынған жылу көлеміне ғана ақы төлейді. Мысалы, мен тұратын 64 шаршы метр пәтерге бұрын 10 мың теңге ай сайын төлесем, бүгінде есептегіш құрал орнатылғалы айына 2 500 тг ғана төлеймін. 4 есе артық төлеп келіппін. Бір ғана тұрғын үйде шамамен 238 пәтер болса, қанша ақша үнемделетінін енді өзіңіз есептей беріңіз. Сөзіміздің басында айтқандай, бұрынғы Пәтер иелерінің кооперативі (бұдан әрі – ПИК) үшін біз сауын сиыр болғанбыз. Осындай көл-көсір пайдадан бір-ақ сәтте қағылған ПИК қожайындары өздерінің барлық ресурсын бізге қарсы қоймағанда қайтеді?! Бір ғана «Лесная поляна» шағын ауданында салынып жатқан үйлерді қоспағанда, 40-тан астам үй бар. Олардан түсетін пайда кімнің қалтасына кетіп жатқанын өзіңіз де түсінген шығарсыз. Әрине, осы кезде сізде «жергілікті басқарушы органдар не қарап отыр» деген сауал туындаған шығар. Ол, әрине, әкімдіктер кінәлі дегенді білдірмейді. Олар өз тараптарынан заң аясында көмектерін көрсетуде. Десе де, заңымыздың шикі тұстары «ескі» жүйенің ыңғайына жығып берген. Қосшы қаласы қала мәртебесін алғалы да көп уақыт өте қойған жоқ. Соның өзінде қалалық әкімдіктің араласуымен бірқатар мәселені шешіп жатырмыз. Өз аймағында тәртіп пен тазалық болғаны әкімдік үшін де тиімді. Тұрғындарға да ыңғайлы ғой. МИБ-тің бір артықшылығы, «бір үй – бір есепшот –бір серіктестік» қағидаты. Бұрынғыдай елу үйге бір ПИК ашып алып, олардан түскен қаражат түсімі бір қазанда қайнамайды. Оның ішінде жаңа үй бар, ескі үй бар. Біреуіне жөндеу жұмыстары жиі қажет болуы мүмкін, екіншісіне ол қажет емес. Ақшасы көп түсетін үй бар, аз түсетін үй бар. Яғни әр үй қаражаты дербес болады. МИБ-тің тағы бір артықшылығы, тұрғындар бұрынғыдай көмекті ПИК-тен күтіп отырмайды. «Өз үйім – өзім жасаймын», «Менің ұсынысым – мен атқарамын» деген ой қалыптасты. Бұрын пәтер жалдаушы секілді келіп-кететін үйіне. Қазір жиі-жиі сенбіліктер ұйымдастырылып, мерекелер тойланып, балалар арасында түрлі байқаулар өткізіп, көршілер арасында коммуникация дамуда. Аулада жасалған дүниеге, мысалы, балалар алаңқайына да қамқорлықпен қарайды. Отырғызылған көшеттер мен гүлге ерекше күтім жасайды. Үйге кіреберістерге бөлме гүлдері қойылып, картиналар ілінді. Эстетикалық талғам, көршілер мәдениеті жайлы айтылады. Балалар соны көріп өседі. Аулада көлік қою мәдениеті қалыптасты. Бейнекамералар орнатылып, балалар қауіпсіздігіне көңіл бөлінді. Тіпті видеокамералар әр кіреберісте, бірінші-екінші қабаттарға қойылды. Бұл тұрғындар қауіпсіздігі үшін қазіргі уақытта аса қажет шаралар. Соның барлығы МИБ-тің арқасында, яғни тұрғындардың өз үйін өзі басқаруға алуының арқасында жасалып отыр. Дейін және кейін деп салыстырсаңыз оған анық көз жеткізе аласыз. Ай сайын МИБ төрағасы үй кеңесіне есеп береді. Жұмсалған қаражат әр кіреберістегі тақтаға ілінеді. Яғни әр тиын керек жеріне жұмсалып отырғанын тұрғындар көріп-біле алады. Мысалы, бұрын аулаларда орнатылған жекеменшік фильтрленген таза ауыз су иелері қазір МИБ есепшотына жалға алу ақысын төлейді. Ол ақша аулаға, үйге қажет шығындарға жұмсалады. Міне, МИБ-тің ашықтық саясаты осыған қол жеткізуге көмектеседі. – Өзіңіз тұратын Қосшы қаласы, «Лесная поляна» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер МИБ-не өтті. Оны ауладағы жайлылық пен балаларға арналған ойын алаңдарының жаңаруынан, көгалдандыру мен абаттандырудан байқап отырмыз. Қосшы қалалық әкімдігі тарапынан қандай көмектер көрсетілді осы бағытта? – Екі жыл деген көп уақыт емес. Десе де осы уақыт ішінде үйге жылу әкелетін сорғылар жаңаланды. Күрделі жөндеу жасалды. Биылдың өзінде 6 сорғыны ауыстырдық. Біздің МИБ Қазақстан бойыншы үшінші, Ақмола облысы бойынша бірінші болып құрылды. Біздің тәжірибеміздің негізінде басқа да МИБ-тар тіркелді. Заңнамада тіркелу процесі жетілдірілмеген, сол себепті түрлі қиындықтар болды. Қазір Әділет департаменттері МИБ-ті тіркеу процесін цифрландыруда. Бұл алдағы уақытта МИБ-тардың тіркелуін жеңілдетеді деп ойлаймын. Тағы бір ерекше атап өтетінім, тұрғын үй аулаларында балалар ойын алаңын жаңалауда Қосшы әкімдігі көп көмек көрсетті. Қазір осы игі жұмыс өзге аулаларда да жалғасын тауып жатыр. – Тұрғын үй тұрғындарының келісімі бойынша шатырға байланыс операторларының антеннасын қойдырған екенсіздер? Бұдан қандай пайда бар? Зияны жоқ па? – Біздегі шешімін таппай тұрған мәселе – тариф жайы. Үйді күтіп ұстауға ПИК кезінде әр шаршы метріне 48 теңге болған, әрине, бұл бұрынғы есептеулер бойынша қабылданған. Қазір қымбатшылық кезінде тарифті қайта қарап, әр шаршы метріне 55,43 тг деп бекіттік. Мұның өзі барлық шығынға жетпейді. Сол себепті басқа қаражат көзін қарастырып көрдік. Іздеу барысында түрлі ұялы байланыс операторларына хат жазып, антенналарын үй шатырына орнату туралы келісімшарт жасадық. Соның арқасында шатыр аумағын пайдаланғаны үшін оператор біздің үйдің есепшотына ай сайын жалдау ақысын төлеп отыр. Айына 75 мың теңге. Бұл антенналардың халық денсаулығына зияны жоқ, себебі тиісті органдардан, денсаулық сақтау мекемелерінен арнайы сертификаты бар. Сондықтан үрейленудің қажеті жоқ, өйткені осы үйлерде өзіміз де тұрамыз, баламызға қауіпті дүниені біз де жолатпайтынымыз белгілі ғой. – Қосшының қала мәртебесін алғанына екі жылдай болды. Қазір қала аумағы жылдам өсуде. Көпқабатты тұрғын үйлер саны «Лесная полянаның» өзінде алпыстан асты. Осы салада қызмет етіп жүргесін сұрайын, тұрғындар су мен электр энергиясына қатысты шағымды жиі айтады. Алдағы жылдары мұндай шағымдар азаймайтын сияқты, инфрақұрылым жағдайына көңіліңіз тола ма, нені реттеу керек деп санайсыз? – Қаламыздың негізгі тыныс-тіршілігі электр қуаты және ауыз сумен тығыз байланысты. Қаламызда екеуі бір-бірімен тығыз жұмыс істейді. Электр өшсе, су жоқ. Осыған дейін уәде етілген мерзім өтіп жатыр. Жылу қазандығының қуаты барлық үйге жетпейді. Биыл біз осы мәселе бойынша «Котельная АСИ» ЖШС мекемесіне ресми хат жазып, «температура графигіне сәйкес жылу бере алмаймыз, өйткені қазандық қуаты жетпейді» деген жауап алдық. Мұның өзі алдағы жылыту маусымында да қайталанатыны белгілі. Қала әкімдігі осы мәселені түбегейлі шешіп берсе жақсы болар еді. Сужинағыштағы ауызсу мәселесі, сапасы, кәріз құбырларының жиі істен шығуы секілді жайттар қала тіршілігіне кедергі келтіріп отырғанын да айта кетейін. Өйткені осы сұрақтар тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жүр. КНС жүйелері не әкімдіктің, не құрылыс салушы компанияның балансында жоқ. Нақты айтсақ, №2 Қосшы орта мектебі жүктемесі көп болғандықтан, кәріз құбыры тез толады, әсіресе, 5-КНС құбыры. Бұл да түйткілді мәселе. Жөнделгеніне көп уақыт өте қоймаған «Лесная полянаның» ішкі жолдарының сапасы да көңіл көншітпейді, шұрық-тесік болып жатыр. Қабылдаушы тарап пен кепіл мерзімі өткенге дейін сапасына жауап беретін жол құрылысын жүргізуші тараптың арасындағы жұмыстар да қайта қаралса дейміз. Қосшы қаласы әкімдігі бұл жағынан тиімді жұмыс формуласын үйлестіреді деп сенемін. – Егер МИБ туралы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар керек болса, қандай ұсыныс айтар едіңіз? – Осыған қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды, құрамында мен де бармын. Біраз ұсыныс бердік. Ол ұсыныстардың бірі – қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша тұрғын үйге қатысты қандай да бір шешім қабылдау кезінде 100 пайыз дауыстың 70 пайызы қолдауы тиіс. Біз осы межені төмендетуді сұрап отырмыз. Тағы бір ұсыныс ол МИБ төрағаларын сайлауды екі жылда бір рет өткізсе деген ой. Себебі бір жылда жиналған аз қаражатқа жұмыс сапасын көрсету қиын. Ал тұрғындар көппәтерлі тұрғын үйде қандай жұмыстар жасалды, соған байланысты өз дауысын береді. Яғни бір жыл уақыт жұмыс нәтижесін көрсетуге аз болып отыр. Бұдан бөлек, әрине, МИБ төрағалары жұмсалатын қаражатты үй кеңесімен бірге шешу жайы. Сондықтан МИБ төрағалары жұмысын бақылауды күшейту мақсатында үй кеңесіне мүше тұрғындардың заңдық білімін жетілдіріп, тұрғындар атынан сөйлейтін құзырет берілгендіктен, үйді басқаруда рөлін күшейту жайы туралы ұсынысымыз. Президентіміздің өзі айтқан халық атынан сайланған Парламент депутаттарының рөлін күшейту саясатының кішірейтілген моделі осы МИБ қой. Сондықтан алда атқарар шаруа өте көп. Ортақ үйіміздің жайлы, қауіпсіз, әрі өмір сүруге барынша қолайлы болуына әр тұрғын белсенді араласуы керек деп санаймын. – Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!  

Сұхбаттасқан Жанболат ШӘКІМ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *