Тергеушілердің өмірі шытырман оқиғаларға толы
Редакция таңдауы
366
Қосшы қаласы полиция бөлімінің деректеріне сүйенсек, өңірімізде қылмыстарды ашу деңгейі 56%-ға артты, ал қылмыстарды тіркеу төмендеді. Жыл басынан бері жиі орын алатын бұзушылықтар тыйылған көрінеді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл қоғамдық тыныштықты сақтау, қылмыстардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі. Айта кету керек, ішкі істер органдары бірнеше салаға бөлінеді, соның ішінде тергеушілердің орны аса маңызды.
Құқық қорғау қызметінің қиыншылықтарымен қоса қызықты сәттері баршылық. Тергеу саласы өз алдына бөлек әңгіме. Жергілікті полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде қызмет етіп жүрген тергеушілер, анықтаушылар мен криминалисттің жұмысы азаматтардың тағдырымен тікелей байланысты. Дәлел-дәйектерді іздеу кезінде күн сайын қаншама жұмбақ оқиғалар мен шытырмандарға тап болады. Олар қылмыстарды ашып, күдіктілерді анықтайды, істі прокурорға жібереді, кейін сол бойынша үкім сотта шығарылады. Қосшы полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Каримжанның айтуынша, әріптестері ауыр, аса ауыр және резонансты істерді де тергейді.
– «Мен қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары лауазымына 2021 жылы тағайындалдым. Ол кезде штатта 2 тергеуші, 1 анықтаушы ғана болған, ал қазір 7 тергеуші, 2 анықтаушы, 1 криминалист жұмыс істейді. Ұжымымызда жас мамандар да, тәжірибелі қызметкерлер де бар. Әрқайсысы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Соңғы екі жылда конституциялық құқықтың бұзылуына немесе азаматтардың заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылуына жол берілген жоқ деп айта аламын. Отбасыдағы тұрмыстық жанжалға қатысты және қалада орын алатын бұзақылық, ұрлық, тонау сияқты өзге де қылмыстарды ашуда тергеушілер ақиқат пен шыңдықты, әділдікті іздейді», – дейді полиция майоры Әділбек Каримжан.
Соңғы 10 жылда тергеу саласында не өзгерді? Ішкі істер органдарында 20 жылдық еңбек өтілі бар Аурика Бабаеваның сөзіне қарағанда, бүгінде қылмыстық істерді тергеу форматы басқа. Кезінде еңбек жолын ақпараттық топтың полиция инспекторы қызметінен бастаған. Оның тергеу саласында да еңбек етіп жүргеніне біраз болды. Айтпақшы, полиция майорының жолдасы да иықтағы погонын абыроймен алып жүрген азаматтардың бірі болып табылады.
– «Қазір қылмыстық істер электронды форматта тергеліп жатыр. Бұл өте ыңғайлы, кабинеттен шықпай-ақ жұмыс процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген ақпаратты прокурор, судья және біз ғана көре аламыз. Оған қоса, тергеушілердің, анықтаушылардың кабинеттерінде бейнебақылау камералары орнатылды. Қылмыстық-процессуалды кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес тергеу әрекеттері бейнежазбада жүргізіледі. Қосшы қала мәртебесін алғанға дейін бұрын тергеу бөлімшесінде мен жалғыз ғана тергеуші болатынмын, ал бүгінде өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын әріптестерімнің бары қуантады», – деп толықтырды қалалық полиция бөлімінің аға тергеушісі Аурика Бабаева.
Тергеу амалдарының электронды форматқа ауыстырылуы ғана емес, штаттағы қызметкерлер санының артуы да тиімділікті арттырды. Қосшы қаласының полиция бөлімі бұрынғыдай шағын жерде емес, бөлек ғимаратта орналасқан. Кең кабинеттер мен жаңа компьютерлер де жұмыс сапасының артуына ықпал ететіні сөзсіз. Тәртіп сақшылары «тергеуде кәсіби дағдылар мен тәжірибе керек, әрі психологияны білу маңызды», дейді. Мысалы, тергеу барысында күдіктілер тығырықтан шығу үшін түрлі айлаамалдарын қолданып, өтірік айтуы мүмкін. Кейбір адамдар диалог кезінде бірден ашылмаса, енді бірі істеген іс-әрекеті үшін өкінеді.
– «Бір жағынан заң жүзінде жауап беруі керек адамның тағдыры жайлы ойлайсың, екінші жағынан жәбірленуші тарапты да түсінесің. Десек те, эмоцияға берілуге болмайды. 7 жыл ішінде тергеу кезінде әртүрлі сылтау айтып, көз жасын төгіп, өзін ақтап алғысы келетіндердің талайын көрдім. Міне, осы кезде психолог ретінде сөйлеген сөздері мен өзін өзі ұстауына қарап, оны зерттеп, талдау жасайсың. Күн сайын түрлі қылмыстармен айналысамыз. Сондықтан күйзеліске түспеу үшін сабырлық таныту қажет», – деген ойымен полиция капитаны Мұрат Аманбаев бөлісті.
Тергеуші сұхбат барысында кей жандардың қылмысқа баруға тура келетінін де алға тартты. Екі баласы бар келіншек ұрлық жасаған екен. Кішкентайы бір жасқа толмаған нәресте болса керек. Қылмыстың себеп-салдарын зерделеу кезінде әлгі жас ананың заңбұзушылыққа бүлдіршіндерін асырау үшін барғанын, жейтін тамақ сатып алу үшін ғана амалсыздан мәжбүр болғаны анықталды. Бұл соттың істі жеңілдетілген тәртіппен қарауына түрткі болды. Мұндайда адамгершілік қасиет танытпау мүмкін емес. Бірақ қандай жағдай болмасын полиция қызметкері заңға бағынуға міндетті. Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық.
Полиция капитаны Сәуле Сүлейменова да тергеу бөлімшесіндегі естелігімен бөлісті. Жас маман жұмысқа 2019 жылы орналасты. Ең алғаш ашқан қылмыстық істі ешқашан ұмытпас. Ол төбе шашыңды тік тұрғызбай қоймайтын қылмыстардың бірі зорлық-зомбылық деп есептейді.
– «Жақында ғана түрмеден шыққан рецидивист таксист әйелді зорлап кетті. Оны тысқары жаққа жеткізіп салуын сұрап, кейін жыныстық қатынасқа түсуін талап етеді. Алданып қалған көлік жүргізушісі көнбейді, ал ер адам бопсалап зорлайды, тонап кетеді. Көп ұзамай қылмыскер ұсталып, жазаға тартылды. Сол кездегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Төбе шашың тік тұратын қылмыс-
тық істердің мән-жайын тергегенде айыпталушынының туғандары мен жақындары, бала-шағасы келетін кездер болады. Әрине, адам болған соң, ауыр сезім пайда болады. Дегенмен заң алдында бәрі тең», – дейді полиция бөлімінің тергеушісі Сәуле Сүлейменова.
Тәжірибе көрсеткендей, теріс әрекетке түрлі өмірлік жағдайлар итермелейді. Тергеушілердің әр күні қым-қуат оқиғалармен өріліп жатады. Олар бұлтартпайтын айғақтар арқылы ақ пен қараны айырып, заңға сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізуі тиіс. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған полицейлер «күн» демей, «түн» демей, аянбай еңбек етеді. Мысалы, ұрлық, тонау немесе төбелес болса, кезекші бөлім оқиға болған жерге шығатын тергеу-жедел әрекет ету тобын құрады. Аталмыш топтың құрамына тергеуші, учаскелік инспектор, жедел уәкіл, криминалист, қажет болған жағдайда кинологтар кіреді. Жергілікті полиция бөлімінің басшысы мен прокурор да шұғыл шығуы мүмкін. Қылмысты кім жасады? Ол қашан, қай күні, тәуліктің қай мезгілінде болды? Осы және өзге сұрақтарға жауап алу маман иелерінің міндеті.
Соңғы уақытта интернеттегі алаяқтық өршіп барады. Қылмыскерлер ақша ұрлаудың жаңа жолдары мен әдістерін ойлап тауып жатқан көрінеді. Киберқылмыспен айналысатын тергеуші Нариман Құлмағамбетовтің мәлімдеуінше, тұрғындар танымал хабарландыру сайттарында және әлеуметтік желілерде алданып қалады. Мәселен, қылмыскерлер инстаграмда төмен бағамен тауар сатуы мүмкін. Сіз парақшасындағы жүктелген фотоларын, жазылушылар санын көріп күмән келтірмейсіз. Ал, ол сіздің сеніміңізге кіріп, диалог құрады, кеңес береді, алдын ала төлем жасауыңыз үшін реквизиттерін жібереді, тіпті нөмірін жіберетін жағдайлар да болады. Бірақ кейін әлгі адамға хабарласа алмайсыз да, нәтижесінде тауар да жоқ, ақша да жоқ. Міне, осындай қылмыстық істерді де тергейтін тергеу бөлімшесі.
– «Біз жәбірленушінің арызын қабылдаймыз. Істі соңына дейін жүргіземіз. Киберқылмыстарды тергеу үлкен білімді, ресурсты, белгілі бір ақпаратты алу үшін әртүрлі ұйымдармен, құрылымдармен өзара әрекет етуді қажет етеді. Алаяқтардың торына көбінесе 50 жастан асқан азаматтар түседі. Олар телефон арқылы өздерін бан қызметкерімін деп таныстырады да, қажетті деректерді алғаннан кейін шағын несие рәсімдейді», – деген мысалды полиция капитаны Нариман Құлмағамбетов келтірді.
Айта кету керек, биыл тергеу қызметіне 60 жыл. Тергеу қызметінің қалыптасу және даму тарихы 1963 жылдан басталады. Тәуелсіздік алғаннан бері ауыр қылмысты ашу үшін тәулік бойы көз ілмеуге, жақындарынан жырақ кетуге дайын полицейлердің қатары да толықты. Қай кезде болмасын тергеу органдарында өз тағдырын қиыншылығы мен қызығы мол, ауыр әрі мәртебелі мамандықпен байланыстырған азаматтар жұмыс істейді. Бұл салада қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың орны бөлек десек, артық айтқанымыз емес. Олар қылмыстардың ашылуына ерлермен бірдей иық тіресіп еңбек етеді.
Жанар АХМЕТОВА
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)