Ауылым көшіп барады...

Редакция таңдауы
view 245
news

Ішкі миграцияның бүгінгі жайы алаңдарлық. Алаштың ақ бесігі – ауылды жарылқап, аузынан ақ май ағызамыз дегелі қашан. Алысқа бармай-ақ өзіміз тұрып жатқан Бурабай, Зеренді аудандарындағы бүгінгі жайды сыналап айтсақ та жеткілікті. Әйтпесе, облыстың Атбасар, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Қорғалжын, Целиноград аудандарында әлденеше жыл бұрын жабылған ауыл көп. Жабылуға жақын тұрғандары да аз емес. Шалғайдағы шағын ауылдардың жағдайы белгілі. Ал облыс орталығынан таяқ тастам жерде орналасқан ауыл­дар­дың үдере көшуіне не себеп? Ең бірін­ші әлеуметтік-тұрмыстық жағдай. Біріншіден, ауыз су жоқ. Сулы-нулы Ақмола өңірінің 177 ауылы таза суға жарымай отыр. Атам қазақ «Ауру – астан», дейді. Ішер суы таза болмағаннан кейін ауыл адамдары түрлі ауруға ұшырауда. Қара қарғаның миы қайнайтын жазғы ыстықта төрт түлік малын суаратын су таппай сандалған жұртты көргенде, осыншама азапқа қалай шыдап отыр деп таңырқайтының да бар. Ендігі бір мәселе, тұрақты табыстың жоқтығы. Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемде егіп, күзде орып алумен ғана шектеледі. Онда да ірі шаруашылықтар түрлі маманды басқа жақтан алып келеді. Ал екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл адамдары ешкімге қажет емес. Ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуы үшін осындай серіктестіктерді мал шаруашылығымен айналысуға міндеттеу керек. Ауыл халқының бірі малшы, бірі сауыншы болып жұмыс істеп күндерін көреді. Қазір көптеген ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт жоқ. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, аудан немесе облысқа қарай сабыласың. Ауылды ұстап тұрған мектеп қана. Айналдырған он оқушы оқитын білім ошағында мұғалімдерден басқа от жағушы, еден жуушы, күзетші болып бірнеше адам жұмыс істейді. Мектеп жабылған күні балаларының болашағына алаңдаған ата-ана да, жұмыссыз қалған мұғалімдер де көшіп кетеді, көшіп те жатыр. Өзге өңір түгілі табиғаты тамыл­жы­ған Зерендінің көптеген ауылы соң­ғы қазығын сыпырып, үдере көшу­де. Айталық, Жыланды тауының бөкте­ріндегі Жаңатуған ауылының табиғатын сипаттауға тіл жетпейді. Мәңгі жасыл қарағайлар, айдын шалқар көл бар. Тау етегінен сарқырап сансыз бұлақ ағып жатыр. Тек жол жоқ. Қысы-жазы қатынаудан қиналған жетпіс үйлі ауыл үдере көшіп кетті, қазір жұрты ғана жатыр. Бір кезде осы ауылда тұрған адамдарға курорттың керегі жоқ деуші едік. Іргедегі Крупская ауылы да етек-жеңі кең пішілген ел еді. Қазір жоқ. Құстың ұясындай жанға жылы­лық есіп тұратын жетпіс үйлі Ұялы ауылы­ның шашылған жұрты ғана жатыр. Бурабай мен Зеренді аудандарының түйісетін тұсында Ақтас ауылы бар еді. Олар да түгел көшіп кетті. Заманында сан буын ұрпаққа құтты қоныс болған Қызылқайнар ауылына барсаңыз, орнын сипап қаласыз. Қостомарда да бір кезде екі жүзден астам отбасы тұрып еді. Қарашіліктің жүз үйінен бір үй қалмады десе, сенесіз бе? Ұрпақ болашағы – балалардың білім алуына байланысты. Адам ауыл­да тұрақтап қалуы үшін қаладағы, ауылдағы білім мекемелерінің арасында айырмашылық болмауы керек. Қала баласының қосымша пән үйірмелеріне барып, спорт, музыкамен айналысуына, көркемсурет, қолөнер мектептерінде оқуына, ІТ білімін жетілдіруіне барлық мүмкіндік бар. Ал ауыл баласы ше? Ата-аналар алдымен осы жайды ойлайды. Сондықтан да ауылдан көшіп жатыр.  

Марат ОСПАНОВ, зейнеткер

Ақмола облысы, Зеренді ауданы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *