Елекен Анарбаева – 1989 жылы бұрынғы Целиноград совхоз-техникум, қазіргі Қосшы қаласында алғаш рет қазақ сыныбын ашқан ұстаз. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тіл ұлттың күретамыры екені анық. Біз бүгін тіл жанашыры, ұлағатты ұстаз Елекен Түкенқызы туралы сөз қозғамақпыз.
Саналы ғұмырында шәкірт тәрбиелеп, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүріп, күрделі мәселелердің күрмеуін шешкен. Ұлағатты ұстаз Тайтөбе ауылына 1975 жылы көшіп келіп, сол жерде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Кедергілер мен кезеңдер
Көпті көрген кейуана әңгіменің әлқиссасын алғаш қазақ мектебін ашқан кездегі кедергілер мен қиындықтардан бастады. Елекен апамыздың айтуынша, ол кезде мектеп директоры Гасилбах Александр неміс ұлтының өкілі қазақ сыныбын ашуға қарсылық білдіріп, мұғалімдер де, тіпті ата-аналар да қарсы шыққан. «Қазақстан ол кезде тәуелсіздік алмаған, ұлттық идеология қалыптаспаған қазақ тіліне тіксіне қарап, тілдің қадыр-қасиеті жоқ кезең еді. Қазақша сөйлесең, мемлекеттік мекемеде сөйлеме, бізді жамандап отырсың деп сөгетін. Біз солай әдбен езігеге түстік» дейді көзіне жас алып Елекен Түкенқызы.
«Қазақ баларын қашанғы орысша оқытамыз деп, қазақ сыныбын ашайық деген ой келді. Сөйтіп, Шолпан Ғажайыпқызы және тағы басқа тіл жанашыры, ұлттық рухы асқақ адамдармен бірлесіп, үй-үйді аралап қазақ балаларын жинадық. Бастамамыз аяқсыз қалған жоқ. Үміт пен күдікке толы текетірес қазақ сыныбын ашуға жол салды. Алғаш қазақ сынбында 13 бала оқыды. Әрине, алғашқы жылы үшін бұл үлкен жетістік. Ол кезде балабақшада орысша балалардың тілі күрмеліп, қазақша сөйлей алмайтын сақау қоғам еді» дейді ұстаз.
Совет өкіметінің сұм саясаты, қулық-сұмдымдығы өршіп тұраған кезеңдер қазақ тілінде оқулықтар да аз болды. Басқа қазақ мектептерінен оқулық сұратып, болмаған жағдайда Елекен ұстаз өзі барып оқулықты көшіріп алып отырған. Қажырлы ұстаз ұлт үшін аянбай еңбек етіп, қиыншылықтардың бәрін еңсереді. Осылайша ол қазақ сыныбын үздіктердің сапына шығарды. Ұлағатты ұстаздың айтуынша, қазақ тілінде өтіп жатқан сабақты тыңдайтын «салпаңқұлақтар» да болыпты.
Қазақ сыныбына балаларын берген ата-аналардың үмті ақталды. Жалпы халықтың сенімі артып, жылдан жылға қазақша оқитын балалардың саны көбейді. Осылайша Елекен апайымыз теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосты.
Рақымжан Қошқарбеавтың аты мектепке қалай берілді?
Совет одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінде ресми мекемеге қазақша атау берілмейтін. Қазақша сөйлесең, білімсіз «жабайы» атанатын кез еді. Осындай дүлей күшке қарсы тұрған қазақтың қаршадай қызы Елекен Түкенқызы баларды білімге тәрбиелеп ғана қойған жоқ, ұлт болашағын ойлады. Келер ұрпаққа өнегелі іс қалдырды. Ұстаз болып жүріп-ақ қоғамдық жұмысқа араласты. Валентина Терешкова атындағы мектепке қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев атын беруді ұсынды. Әрине, бұл шешілмек түгілі, айтуға болмайтын әңгіме-тұғын. Алайда апамыз оның да қапсын тапты. Ең әуелі Рақымжан Отарбаев туралы мәліметтер жинақтап, Тайтөбе интернатта оқығанын, яғни осы өңірдың төлтумасы екенін дәлелдеп шығады. Тағы басқа анықтамалық құжаттар дайындап, Алматыда тұратын жұбайы мен қызы Әлиямен кездесіп деректер жинайды. Басқармада отырғандар мектеп атын беруге қарсы болады. Онымен қоймай, сырқы күштердің әсері де ықпал тудырып қарсылық көп болды. Қайраткер ұстаз қайтпады. Сөйтіп, Рақымжан рейхстагқа қалай ту тіксе, Елекен Түкенқызы бастаған азаматтар дәл солай жеңіске жетті.
Пікірлер (0)