Нұрғиса Тілендиев және тағдырдың құпия беттері

Руханият
view 694
news

Фотосуреттерді автор ұсынған

ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ (ТІЛЕНДИЕВТІҢ) ҰРПАҒЫ

«Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 20 наурыздағы санының 14-ші бетінде жарияланған Марат Қапанұлының «Иса ақыннан қалған домбыра» және Абзал Мақаштың «Тілендиевтің тұяғы» атты екі мақала жарық көрген. Екінші материалда «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті  жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінде күйші, композитор, «Халық қаһарманы» Нұрғиса Тілендиевтің ұлы Алмас-Әлкен Тілендиевпен кездесу өткені жазылған. Кездесуге Университет ректоры Ерлан Сыдықов, профессор Серік Негимов, университет кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев бастаған ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер қатысты. Кешті жүргізген – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай.

«Кенжекең жүргізетін «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі құрылған он үш жылдан бері біз елге белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнер қайраткерлері туралы кеш өткізіп келеміз. Ал бүгінгі күннің жөні ерекше. Қазір қалың көпшілікке ұлы тұлғаның беймәлім ұрпағын таныстырмақшымыз» деді алғы сөзінде Университет ректоры Ерлан Сыдықов» деген сөздерді оқып және сондағы көк костюм, көк тақиямен түскен Алмас-Әлкен  ағаның суретін көріп әрі таңданып, әрі қуанып, қызыға оқып шықтым.
Осы жағдай туралы 2023 жылы қыркүйек айында менің сырлас досым, әрі құрдасым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, профессор, белгілі күйші-композитор Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсен хабарласып, «Серік Малаев Нұрғиса Тілендиев ағадан «Павлодар жақта менің Алмас деген ұлым бар» - деген сөзін өз құлағыммен естіп едім деп еді. Кейін Павлодарға әдейі іздеп барып, танысып қайттым. Олар қазір Астанада тұрады. Осы мәселені жарияласақ қайтеді?» деп жүр. Соған сенің көзқарасың қалай? Ол кісіні тауып алып сөйлессек?» - деп маған ой тастаған еді.
2024 жылы 4 шілдеде вацаппен маған «Сәке, Ассалаумағалляйкум, қалайсыздар? Семейден Серік Малаевпын. Нұраға туралы сөйлессек деп едім» деген хабарлама келді. Ол сонымен қатар Алмас-Әлкен ағаның «Шапырашты-Екей-Ботақара-Атабай-Тіленді-Нұрғиса-Алмастан: Тимур, Нұрлан» - деген Шежіресін де салып жіберді.
Содан кейін жоғарыда аталған «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған кездесу кезінде Алмас-Әлкен Тілендиев ағамыздың Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықов мырза бастаған бір топ ғалымдармен түскен суреттерін жіберді. 
 
Қаймолда мен Фатима, 1939 жыл
Ертесіне, яғни 5 шілде күні Серік Рамазанұлы Малаевқа телефон соғып, екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол басқаның емес, Нұрғиса ағаның өз аузынан Павлодарда Алмас деген ұлы бар екенін естігенін, одан кейін Павлодарда Алмас-Әлкен ағамен, оның отбасымен қалай кездескенін ұзақ әңгімеледі. «Алмас-Әлкен ағамыздың өзі орысшалау, жұбайы Галина Дайырбекқызы Тілендиева жеңгеміз қазақ тілді, аңқылдаған ашық адам. Астанада тұрады»-деп маған оның телефонын берді. Азан шақырып қойған аты – Алмас екен, құжат бойынша Тлендиев Алкен Каймолдаевич (әрі қарай қазақша Әлкен). 
Бір күні Семейдегі Серік Рамазанұлы звандап «Әлкен ағамен хабарластыңыз ба?» - десе ұят болар деген оймен 27 шілде күні Галина Дайырбекқызы Тілендиева жеңгейге телефон шалдым. Алдымен өзімді таныстырып, телефон нөмірін кім бергенін айттым да «Сіздер Астанада қай көшеде тұрасыздар? – деп сұрадым. Сөйтсем, Құдайдың құдіреті бір ауданда, арамыз 400 метр жерде жақын тұрады екенбіз. Тіптен олардың бір баласы мен тұратын «Орбита» тұрғын үй кешенінде тұратын болып шықты.
 
Нұрғиса мен Фатима
Содан ол кісі маған «Кешке үйге келіңіз. Жақын танысып, әңгімелесейік» - деп қонаққа шақырды. Мен есіктен кіргенде Әлкен аға құшақ жая қарсы алып, екеуміз көптен көрмеген бауырдай құшақтасып амандастық. Шынында да ағамыз сом денелі, қараторы, жайдары жүзді азамат, ал жеңгеміз ашық-жарқын кісі екен. Аман-саулықтан кейін бірден шешіліп әңгімеге кірістік. Дастарқан үстінде салмақты әңгіме айтылып, арасында альбомнан  суреттер көріп отырдық. Мен кітаптар мен газеттерге үңіліп, кейбірін парақтап, тақырыптарын оқып отырдым. Кетерде «асықпай үйде оқып шығайын» деп қызыл папкаға жинақталған материалдарды сұрап алып кеттім. 
Үйге келген соң алып келген папканы ашып едім «Дат» газетінің  2015 жылғы 17 қыркүйектегі № 31/302 санындағы «Таланттар тағдыры» айдарында павлодарлық Ерлан Ахметсәлімұлының «Алмас Тілендиев КІМНІҢ ҰЛЫ?» деген мақаласы жарияланыпты. 
Онда Нұрғиса ағамыздың пианиноға оң қолының шынтағымен сүйеніп, сол қолына нота қағазын ұстап отырған суреті, оның астында Алмас-Әлкен ағамыздың аккордеон ойнап отырған суреті бар. Газеттің екінші бетінде Әлкен ағамыздың қызы Алтынай, Әлкен, Нұрлан Тілендиевтердің суреті, оның астында Малика Тілендиева Әлкен немересінің скрипка ойнап тұрған суреті жарияланған.
Осы материалда:  

1. Тіленді Атабайұлы мен Салиха анамыздың Баймолда, Қаймолда, Нұрғиса атты үш ұлы болғаны;
2. Тіленді Атабайұлының 1932 жылы дүниеден өткені;
3. Қаймолда әскери борышын өтеп келіп, 1937-38 жылдары Фатима Байтасқызы Байтасоваға үйленгені;
4. Қаймолда мен Фатиманың араларында Лариса атты қыз бала болғаны; 
5. Баймолда, Қаймолда, Нұрғиса Тілендиевтердің үшеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқаны;
6. Баймолда мен Қаймолданың соғыстан оралмағаны;
Ол жөнінде Нұрғиса Тілендиев: «...Тілендінің Баймолда, Қаймолда атты екі ұлы соғыстан қайтпаған. Жастары менен көп үлкен болатын. Тіленді әкем мен туғанда алпыс бес жаста екен...» ...«Соғыс басталғанда екі ағам Баймолда мен Қаймолда майданға алғашқылардың қатарында аттанған... Келер жылы екеуінен де қара қағаз келген» - деп, өзінің өткен өмірі туралы еске алған (Т.  Жәкітайұлы « Нұрғиса Тілендиев», Алматы, «Арда баспасы, 2007 ж.). 
7. Қаймолда соғысқа кеткенде Фатима келіні қызымен енесі Салиханың қолында болғаны;
8. Нұрғиса Тілендиев ағамыздың соғыста Курскіден Берлинге дейін барып, 1945 жылы аман-есен келгені;
9. Екі баласы (Баймолда мен Қаймолда) бірдей соғыстан қайтпаған шерменде Салиха ананың Қаймолдадан қалған жалғыз немересі Ларисаны жатқа жібермеу мақсатында,  ата салты бойынша әмеңгерлік жолмен жесір келіні Фатимаға тірі келген кіші ұлы Нұрғисаны қосып, Алматыдағы теміржол вокзалының жанында тұрғандары; 
10. Нұрғисаның 1945 жылы Алматы консерваториясының қазақ халық аспаптар оркестрі факультетіне түскені;
11. Қазақ радиосындағы оркестрді басқарғаны;
12. 1949 жылы Москва консерваториясының опералық дирижерлар даярлайтын  факультетіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы бітіргені туралы айтылады.

Сондай-ақ «Жас алаш» газетінің 2017 жылғы 30 наурыздағы 25-ші санында жарияланған «Тұлпардан қалған бір тұяқ немесе Алмас кімнің баласы?» деген мақалада (Авторы – павлодарлық белгілі ақын, жазушы Сайлау Байбосын). Газеттің бір бетіне жуық материалдың басында Нұрғиса аға мен Фатима апамыздың мөлдіреген жас кезінде бірге түскен суреті, орта шенінде Әлкен аға мен Галина жеңгеміздің суреті және Нұрғиса ағаның Ұлы Отан соғысында қаза тапқан туған ағасы, әскери формадағы Қаймолда мен Фатима апамыздың тарихи суреттері тайға таңба басқандай жарқырап тұр. Газеттің басынан аяғына дейін созылған төрт жолақта жазылған материалда:

1. Журналистің «Неліктен осы уақытқа дейін үн-түнсіз жүрдіңіз?» - деген сұрағына Әлкен ағамыздың «Менің мақсатым қайткенде де Нұрғисаның баласы екенімді дәлелдеп, атымды шығару емес бауырым, жетпістің жотасына шығып отырмын. Соңымда өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Балаларым кейде «Біздің атамыз кім?» десе, жауап бере алмай қиналып қаламын. Төлқұжатта менің тегім «Тілендиев Алкен Қаймолдаұлы» деп жазылған. Мен 1947 жылы дүниеге келіппін. Анам соғыста қаза тапқан бірінші күйеуі Қаймолданың аты ұмытылмасын деген мақсатпен мені сол кісінің атына жазыпты. – деген жауабы;    
2. Галина жеңгеміздің сол кездегі Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына хат жазғаны;
3. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ол хатты сол кездегі Мәжіліс депутаты Серік Әбікенұлы Үмбетовке (бұрынғы Алматы облысының әкімі)  жолдағаны;
4. Серік Әбікенұлы Әлкен ағамыз бен жұбайы Галина Дайырбекқызы Тілендиевтерді Астанаға шақырып сөйлескені;
5. Үмбетов Серік Әбікенұлының айтуымен Әлкен аға мен Галина жеңгей кенжесі Нұрлан мен немересі Мәдиді алып 2015 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл мұражайынан бастап Нұрғиса әкесінің басына барып тәу етіп, туыстарымен және сол әулеттің ақсақалдары мен билерінің төрағасымен кездесіп, танысып қайтқандары жайлы баяндалған.

Халық қаһарманы, КСРО және Қазақ ССР-нің Халық әртісі,  Ұлы композитор, атақты дирижер, дарынды домбырашы, елдің еркесі, ұлтымыздың сүйіктісі Нұрғиса Атабайұлы (Тілендіұлы) Тілендиев өзі берген сұқбаттарында  «Атабай – менің атам. Менің әкем-Тіленді» деген. 
Міне, кеңестік заманда орыстар көп қазақтың тегі мен әкесінің есімдерін шатастырып, өз аты мен туған жылы, айы, күнін қате жазғандары жасырын емес. Мысалы: атақты күй-анасы Дина Нұрпейісова шешеміздің тегі болып жүрген Нұрпейіс оның күйеуінің аты екені кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Сол сияқты қазақтың Идан аты – Иван болды.  Міне, өздеріңіз ойлаңыздаршы!? (Баймолда мен Қаймолда Тілендиевтер 1945 жылы соғыстан қайтпаса, Нұрғиса Тілендиев аман келген болса 1947 жылы туған Әлкен Қаймолданың баласы ма? Нұрғисаның баласы ма?).  
«Қаһарман – Нұрғиса» (Алматы, «Санат» баспасы – 1999 ж.) кітабының 20-шы бетінде: 
«АТА! Сізді «Халық қаһарманы» атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз. Өзіңізге денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз.
Тілендиев Алмас жанұясы, немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан. Баянауыл, 31.08.98» деген құттықтауы бар.
Алматы облысы, Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев (бұрынғы Шилікемер) ауылында тұратын Нұрғиса Тілендиев ағамыздың сыныптасы Сәрсенбай Қожамжаровтың жұбайы Ұмытшақ Доспанбетқызы Қожамжарованың «Өткен өмір» деген (Алматы 2022, ИП 1inter Print) естелік кітабының 39-шы бетіндегі «Жақсыдан қалған бір тұяқ» деген қысқаша арнауында да қазақтың әмеңгерлік жолымен қосылған жеңгесі Фатима мен Нұрғиса ағамыздың ұлы Алмас-Алкен  ағамыз туралы айтылған. 
Жазушы Сайлау Байбосын мен Галина Тілендиеваның «Тұлпардан қалған бір тұяқ» (Астана,  «Центр Элит» баспасы) атты кітабының 10-шы бетінде Фатима апай мен Нұрғиса ағаның бірге түскен суреті бар. 51-ші бетіндегі «Шилікемерде» деген естелігінде де Нұрғиса Тілендиев пен оның ұлы Әлкен-Алмас Тілендиевтің тағдыры жайлы айтылған. 96-шы бетінде ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ерейментау ауданының Құрметті азаматы, дарынды ақын Сайлау Жылқыбаевтың «Тілендиевтердің әулетіне» өлеңінде мынадай: 
...Түтіні түзу шықса, түңдігінен,
Болады, айыруға, кімді-кімнен.
Тарады ұрпақтары өсіп-өніп,
Нұрғисадай Ұлының кіндігінен...
 
...Әкесіз ұрпақ өсіп, жалғаса ма,
Киелі шаңырақ пен бар босаға?!
Тектілердің тұяғы ортамызда,
Баласы Нұрғисаның Алмас аға...
 
Ой – теңіз,
Қиял – жүйрік, 
Талап – қайық,
Беттерін ғұмыр-дастан парақтайық.
Ұрпағы Тілендиев әулетінің,
Тұрады кең Даламда қанат жайып... деген керемет жыр жолдары бар.
– Аға, жас кезіңізде әкеңіз туралы және тегіңіздің композитор Нұрғиса Тілендиевке қатысы бар-жоғын анаңыздан сұрап көрдіңіз бе? 
– Иә,  жас кезімде сұрадым. Менің анам мамандығы бойынша қазақ қыздарының ішіндегі алғашқы заңгерлердің бірі Фатима Байтасовна Байтасова. Біздің түсінігімізше сот, прокурор, милиция, әскери адамдардың түсі суық, мінезі қатал болады ғой. Менің әкем туралы сұрағыма «Ол біздің туысқанымыз» - деп қысқа қайырған.  
- Аға, анаңыз Фатима апай мен әкеңіз Нұрғиса ағаның бірге түскен суреті «Жас алаш» газетінде жарияланған. Ол сурет кімде?
- Біздің үйде.
- Олар бірге тұрмай, аралары алшақтап кеткеніне не себеп болды деп ойлайсыз?
- Біріншіден менің анам Фатима Байтасовна Нұрғиса әкемнің жеңгесі яғни Қаймолда ағасының әйелі. Әкем Нұрғисадан алты жас үлкен. 
Екіншіден әкем бұрын үйленбеген асау. Тұла бойы тұнған өнер адамы. Сері. 
Үшіншіден ол соғыстан аман-есен қол-аяғы сау келіп, консерваторияға түскен жалындаған  20 жастағы студент. 
Төртіншіден айналасы қызғалдақтай құлпырған жас қыздар мен үйлене салып, күйеулері соғыстан қайтпаған, сормаңдай, еркекке сусап отырған жап-жас жесір келіншектер: 
Бесіншіден бұрын үйленбеген жас жігіт өзімен қатар қыз-келіншектер тұрғанда өзінен аттай алты жас үлкен, балалы әйелмен тұруға намыстанған шығар.
Алтыншыдан жоғарыда Нұрғиса Тілендиевтің 1949 жылы Москва консерваториясының опералық дирижерлар даярлайтын факультетіне түсіп, оны 1952 жылы бітіргені туралы айтылған.  Ендеше, жас қосылып, бірінші рет ана атанғанда күйеуі ҰОС-ға кетіп, жастай жесір қалған. Салиха енесінің көңілін қимай, өзінен алты жас кіші қайнысына қосылған. Қайын-күйеуі тағы үш жылға Москваға оқуға кетсе, сүйіп қосылған күйеуінен өлі айрылып, әмеңгер күйеуінен тірі айрылып отыруға қандай жас, көзі ашық, заңгер әйел көнеді? Қалай құр шаңырақты күзетіп отырады?.. Міне, осы факторлар әкем мен анамның бірге тұрмай, екеуі екі жаққа кетуіне себепші болғаны анық. Олардың тағдыры туралы менің пайымдауым  осылай.
- Аға сіздің арманыңыз қандай?
- Иә, арман кімде жоқ дейсің? 
- Менің жалғыз арманым, жоғарыда айтылғандай жасым 80-ге таяған шақта соғыста мерт болған әкемнің ағасы Қаймолда әкеміздің аты емес, өз генетикалық әкем Нұрғисаның атын алып, көзімнің тірісінде оның ұрпағы бар екенін дәлелдеу. Аллаға шүкір, өз дүнием өзіме жетеді. Жағдайымыз жақсы. Ұлым ұяда, қызым қияда дегендей, немерелерім бар. Одан басқа менде арман жоқ. 
- Нұрғиса ағамызбен тағы қандай байланыстарыңыз болды?
Алмас-Әлкен аға: Жас кезімде өз мамандығым бойынша  Баянауылдың электржүйесінде жұмыс істегенмін. 1978 жылы 6 наурыздан   30 наурызға дейін Бүкілодақтық білім жетілдіру иниститутының Алматы филиалының «35 КВ және П8-ден жоғары қосалқы станция топтары қызметінің бастықтары» энерго тобы бойынша (В Алма-Атинском филиале ВИПК энерго группы «Начальники службы групп подстанций 35 КВ и выше П8». Удостоверение. Регистрационный номер 3306 Алма-Ата 30 марта  1978 г.) Алматыға оқуға бардым. Сол кезде Нұрғиса ағаның үйін арнайы іздеп барып, ол үйде бірнеше күн тұрдым. Бірде ол мені зират басына апарып, өз әулетінің қайтыс болған адамдарының жатқан жерін көрсетті. Сөйтіп жүргенде бір күні әкем менен бір кітаптың атын айтып «Сен алған жоқсың ба?» - деді. Мен оған «Алған жоқпын. Мен қазақша кітап оқымаймын және түсінбеймін»-дедім. Бірақ, маған «мені ұры санағандары ма» деген ой келіп, ол үйден кетіп қалдым. 
Галина Дайырбекқызы: «Менің қызым Алтынай 1991 жылы мектеп бітіргенде енем Фатима Байтасовна екеуміз оны Алматыға оқуға түсуге алып барып, Нұрғиса атамыздың үйінде қалдырып кеттік. Дінзухраны балабақшадан алып келіп жүрген болатын. Жас бала ғой, неге екенін білмеймін, ол үйде бір айдай тұрды да, Қарағандыға барып коопертивтік   техникумға түсіп кетті. 
Одан басқа атам Нұрғиса «Отырар сазы» оркестрімен Павлодар облысына гастрольдік сапармен келгенде Баянауылға келіп, біздің үйде болатын. 
Бір жолы Баянауылда концерт болғанда бізді залдың алдыңғы қатарына отырғызып қойды. Концерт басталардың алдында атам Нұрғиса Атабайұлы мені орнымнан тұрғызып (анам Александрова София Николаевна қазақша Сара атанған орыс ұлты болғандықтан) менің европалық түрім үшін, алдыға шығарып қойып, «Мынау менің келінім. Өзі орыс болса да баланы қазақша табады»-деп жұртты дуу күлдірген. Концерттен соң атамды қонақ ету үшін, бір жылқы сойылып, асханада үлкен дайындық жасалды. Мен жергілікті ауыл әкімдігінің хатшысы болғандықтан, әкімнің тапсырмасы  бойынша сол дайындықтың басы-қасында жүрдім. Бірақ, бірінші басшы бір жағдайлармен концертке келе алмай қалды. Концерттен соң, «Ал, Нұреке асханаға барайық. Сіздің құрметіңізге дайындалған дастарқан бар» - деген әкімнің орынбасарына атам, «Әкімнің өзі неге келмеді? Бармаймын» - деп қиғылық салды. Сол жерде біраз ыңғайсыздықтар болып, біздің көзіміз бақырайып кетті. Содан сәл кідірістен соң атам «Онда менің келінім айтсын. Ол не десе сол болады» дегенде біздің үстімізден ауыр жүк түскендей болды. Сонымен «Ал келін, не дейсің?» дегенде мен «Ата, астан ешкім үлкен емес қой. Барғаныңыз жөн болар» - дедім. Атам маған қарап, «Ал ендеше, кеттік!» - деді.  
Марқұм атам неординарный адам еді ғой. Халық та ол кісіні еркелететін, өзі де халыққа еркелеп жүретін ерекше жаратылған адам болғаны баршаға аян. 
Міне, осындай байланыста және жақындықта болған жандарды қалай бір-бірінен бөліп қарауға болады?
Ол аз болса, ABAI.TV-дегі «Бірегей» деген бейнехабардың «Нұрғисаның жұмбағы» деп аталатын деректі шығарылымында Нұрғиса ағамыздың өмірінің соңғы кездері туралы елімізге белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен өнер адамдары көп естелік айтады. Бұл хабар YouTube желісінде де бар. Сонда мысалы Серік Үмбетов, Бексұлтан Нұржеке, Уәлихан Қалижан, Жұмабай Шаштайұлы, Ермұрат Үсенов, Жалғасбек Бегендіков, Дүйсебай Шаштайұлы т.б. көптеген белгілі адамдар мен туыстары құнды әңгімелер айтты. Соның ішінде Нұрғиса ағамыздың ұлы Алмас туралы шежіреде жазылғаны және Тіленді атамыздың туған інісі Тілегеннің баласы Жапардың ұлы Қуандықтың «2019 жылдан бері Алмас-Әлкен ағамызбен жиі араласып тұрамыз. Себебі ол Нұрғиса атамның тұяғы ғой» дегені дәлел. Сонымен қатар журналистің «Ол кісіні ауылдың билері қабылдады ма?» - деген сұрағына Қуандық бауырымыз «Неге қабылдамасын. Әрине қабылдады» - деп нүкте қойды.  
Мен осы әңгіменің басында «Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 20 наурыздағы 14-ші санының «Мәдениет» бетінде жарияланған Мұрат Қапанұлының «Иса ақыннан қалған домбыра» деген мақаласын бекер еске алғаным жоқ. Тәуелсіздігіміздің арқасында талай-талай есімі ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғаларымыздың есімдері мен елдің санасынан өшіп бастаған тарихымызды жаңғыртып жатырмыз. Олардың ұстаған, пайдаланған бұйымдары мен ескі жәдігерлерін қалпына келтіріп, елдің есіне салып, мұражайлар ашып, халық игілігіне жаратып, кейінгі ұрпаққа аманат етудеміз. Көне жәдігерлерімізді сонша қадірлеп, «жерден жеті қоян тапқандай» қуанатынымыз рас. 
Мұны мен жәйдан жәй айтып отырған жоқпын.

Қазақта «Жаяудың шаңы шықпас, Жалғыздың үні шықпас» - деген мақал бар. Ендеше, «Отырар сазы» Мемлекеттік-фольклорлық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева жалғыз емес. Аналары бөлек болсада әкесі бір Павлодар облысы, Баянауылда өскен, қазір Астанада тұратын асылдың тұяғы Тілендиев Алмас ағасы тұрғанда оны қалай жалғыз дей аламыз? 

Ресейдің «Жди, меня» телебағдарламасында 1941-1945 жылғы сұрапыл соғыста неміс солдаттарынан аяғы ауыр болып қалған қыз-келіншектердің балалары да бүгінгі күні тірі қалған бауырларын тауып, қауышқандарына қуанып жататынын ешкім жоққа шығара қоймас. Сондықтан жоғарыда айтылған Сайлау Жылқыбаев ақынның:
...Әкесіз ұрпақ өсіп, жалғаса ма,
Киелі шаңырақ пен бар босаға?!
Тектілердің тұяғы ортамызда,
Баласы Нұрғисаның Алмас аға... –  деп өлең шумағында айтылғандай Аллаға шүкір, Нұрғиса (Тілендіұлы) Атабайұлы Тілендиев ағамыздың соңында Алмас пен немерелері Тимур, Алтынай, Нұрлан сияқты ұрпағы бар екенін неге жұртқа жариялап, неге халық болып қолдап-қолпаштап қуанып, мақтан тұтпаймыз?
Нұрғиса Тілендиев ағамыздың соңында жалпы ұлтымыздың игілігіне айналған өлмес мұзыкалық мұраларынан басқа, Дінзухрадай талантты гүлі мен Алмас-Әлкен ағадай ұлы қалғанына Аллаға мадақ айтып, мың шүкіршілік етейік.  
Осы қыркүйек айының 23 күні ҚР Ішкі істер министрлігінде Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің XI конференциясына келген,  Алматы қаласы Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, кезінде Алматы, Жамбыл облыстарының Ішкі істер басқармасын басқарған елдің құрметті азаматы, полиция генерал-майоры Асыл-Кеней Сағынжан Байболұлына Алмас-Әлкен Тілендиев ағамыз жайлы айтқанымда, ол кісі қуанғанын жасыра алмады. Маған «Конференциядан соң Алмас бауырыммен танысып, сәлемдесіп кетейін. Бес минутқа болсада кіріп шығайық. Үйіне алып бар» - деді. Конференцияның аяғы дастарқанмен жалғасып, әуежайға бару уақыты жақын қалғанына қарамастан, Алмас ағаның үйіндегі Галина Дайырбекқызына арнап алған гүлін, уақыттың тығыздығына байланысты ол үйге кірмей, есік алдында Алмас бауырының қолына ұстатып қайтты. Міне, туыстық сезім. Міне, ағайындық деп осыны айт. 
Осы әңгіменің шет жағасын 30 қазан күні Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А. Александров күміс медалінің иегері, елімізге белгілі композитор, ҚазАҚ (Қазақстан Авторлары қоғамы) Авторлық Кеңестің төрағасы Балнұр Балғабекқызы Қыдырбекке айттым. Ол да таңданысын жасыра алмай «Е, онда рас болғаны ғой. Әкей (Нұрғиса Атабайұлы) қайтыс боларынан бұрын маған Баянауылда Алмас деген бір бауырың бар. Шешесі прокурор (Судья) – деген. Мен ол кезде оған онша мән бермеп едім» -  деді. 
Тілендиев Нұрғиса (Тілендіұлы) Атабайұлындай ұлы тұлғаның асыл жары, сүйікті серігі Дариға жеңгеміздің «Бірегей» бейнехабарының бірінде «Ұлымыз болмаған соң туысымыздың ұлы Даниярды асырап алып едік, ол да Нұрағадан кейін, бір жылдан соң өмірден өтті» - деп мұңайып, өкінішін жасыра алмай отырғаны қандай аянышты. Міне, ақылды әйелдің өзінің құдай қосқан қосағы Нұрғиса ағамыздай дара тұлғаның соңында «пұл қалғанша, ұл қалса» екен деген ізгі тілегі мен  адал ниеті. 
Ендеше ағайын! «Көктен тілегеніміз жерден табылды». «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей біздің мақсатымыз – «тұлпардың тұяғы мен асылдың сынығының арасына алтын көпір болу ғана. Ұлтымыздың сүйікті перзенті, дарынды дирижер, дәулескер домбырашы, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің ЮНЕСКО көлемінде өтетін 100 жылдық мерейтойындағы  іс-шараларда марқұмның қос құлынын бірге көріп, бірге қуануды Алла нәсіп етсін. 
Сөз соңында Ұлы тұлғаның ұрпақтарына! 
Сіздерді Нұрағамыздың аруағы әрқашан қорғап-қоршап, қолдап жүрсін, туыстықтарыңыз баянды болсын демекпіз. 
 
Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ,
отставкадағы полиция полковнигі
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР ІІМ-нің Еңбек сіңірген қызметкері,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,
ІІО мен ҰҰ-ның Құрметті ардагері, 
 
Астана, 12.12. 2024 жыл

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *