Саяси реформа – уақыт талабы

Қосшы жаңалықтары
view 93
news

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында бірқатар маңызды саяси бастаманы жария етіп, аталған бастамаларды іске асыру жөнінде тиісті жоспар қабылданған болатын. Бұл – еліміз үшін дер кезінде қолға алған маңызды қажеттілік еді. Әлемдегі саяси-экономикалық ахуал күрделеніп, әр сәт сайын жаһандық жүйе құбылып тұрған сәтте еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттілігіміздің іргетасын бекіте түсу маңызды міндет. Әрине, ол үшін Президент айтқандай, тиімді саяси реформалар жасау уақыт талабынан туындап отырғаны анық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – жүйесін жетілдіре отырып, нәтижелі жұмыс жасау жас мемлекетіміздің экономикалық қуатын арттырып, қоғамның дамуына жағдай жасайды. 2019 жылы басталған оң өзгерістер еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына, билік пен халық арасының жақындай түсуіне және ең бастысы еліміздің аймақтарын дамытудың нақты тұжырымдамасының жүзеге асуына бағыт болды.

Саяси реформаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыру пандемия жайлаған 2020 жылы да жалғасын тапты. Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:Іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында көзделген мақсат жаңа жағдайдағы экономикалық дамуымызға жасалған қадам деуге болады. Әр салаға жіті назар аудара отырып, өсуді қамтамасыз ету Қазақстанды күрделі сын-қатерлерден қорғайды деуге болады. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық екенін ескере отырып мемлекеттік саясатты қоғамның әлсіз топтарын барынша қолдауға жұмылдыру ұтымды шешім. Елдегі инфрақұрылым жүйесінің ескіргенін ескере отырып, оны жаңартудың ойластырылған тәсілін қолдану қалаларымыз бен ауылдарымызды дамытуға серпін беруі тиіс.

2021 жылы Қ.К.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды жалғастыруды көздеген бірқатар маңызды ойларды атап өтті. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғауға баса назар аудару қажеттігі сөз болды. Әлемдік қауымдастық алдында оң имиджге ие болу біз үшін қаншалықты маңызды болса мемлекетімізге қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру экономикамыз үшін көптеген міндеттемелерді шешуімізге мүмкіндік берері сөзсіз. Президент өткен жылдың басында елімізде орын алған күрделі оқиғалар туралы, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталған Жолдауында атап өтті. Ол туралы мемлекет басшысы «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік», деді.

Қазақ елінде жүріп жатқан саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық болды. Бұрын жолықпаған сын-қатерлерден де аман өтіп, бастаған реформамызды толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік алдық.

Реформаны жүзеге асыруда Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын дамыту жұмыстарын жалғастыру қажет. Ауқымды жұмыстар аясында Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға және 15-тен аса заңға өзгеріс енгізу көзделеді. Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту сияқты маңызды саяси шешімдер назар аудартады. Қ.К. Тоқаев өз сөзінде: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», деген болатын. Сондай-ақ сайлау жүйесін жетілдіру бағытындағы елімізде атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесін беруде. Сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табу үшін елімізде пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлау өтіп, мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайланды. Халық партиялық тізімнен бөлек өздері қалаған депутаттарын сайлауға мүмкіндік алды. Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету жүзеге асырылып, партиялық жүйенің мүмкіндіктері біршама кеңейді.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы елімізде жасалып жатқан саяси реформаның нақты нәтижелерін жұртшылыққа жария ете отырып, ауқымды жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын анықтап берді. Әр салаға жеке назар аударып, жіті мән бергенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Биылғы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі қала әкімдері мен мәслихат төрағаларының басын қосқан айтулы жиында елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаларды жүзеге асыру жайлы айта келе, бірқатар міндеттемелерді белгілеп берді. Оның ішінде жергілікті өкілді органның қызметін үйлестіруде атқарушы органдармен, жергілікті қоғамдық кеңеспен және қоғам белсенділерімен ынтымақтастықта жұмыс жасауды тапсырған болатын. Береке, бірлікке үндеген осынау қадам шын өз тиімділігін көрсетіп, біз де өз қызметімізде айтулы нәтижелерге қол жеткіздік. Елдігімізді еңселі ете түсу жолында азаматтарымыз жұдырықтай жұмыла отырып халық үшін қалтқысыз қызмет жасауы қажет. Ал, халық сайлаған азаматтар жұрттың сенімін ақтау үшін аянбай тер төге бермек. Ісіміз сонда ғана баянды болмақ.

Әлихан Қуатбеков, Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *