Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Редакция таңдауы
view 634
news

Бүгін 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн – Қазақ даласындағы XX-ғасырдың 20-50-жылдары аралығында жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алу күні. Сталиндік қуғын-сүргінге зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл зұлматтан 4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап көрді. Түрлі деректер бойынша XX-ғасырдың алғашқы жартысындағы 20-30 жылдарында ашаршылықтан Қазақ халқының жартысынан астамы қырылды деген ақпараттарр бар. Өзге елдерден бөлек тек Қазақстанды есептегенде ату жазасы, түрмеге қамау, аштан өлу, т.б. себептердің кесірінен 20 мыңнан астам адам зардап шеккен. Бүгін Қосшы қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ қызметкерлері мен тыңдаушылары және «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен жастары қосылып, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешеніне барып, гүл шоқтарын қойып, құрбан болғандарға тағзым етіп қайтты. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы. Қазіргі таңда, Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені бар. А.Л.Ж.И.Р. (орыс. Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины — Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) — cонау 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Ең сұмдығы – мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. Алжир лагері 30 мың га жерді алып жатты. Оның Қарағанды, Ақмола өңірінде бірнеше бөлімшелері болды. АЛЖИР тұтқындары егін екті, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты. Ұлы Отан соғысы жылдары АЛЖИР-де 8 мыңнан астам тұтқын әйел ұсталды. Лагерде КСРО мемлекет басшыларының, әскери қолбасшылардың әйелдері мен жақын туыстары, Қазақстан басшы қызметкерлерінің әйелдері мен балалары, жақын туыстары жапа шекті. Онда маршал М.Н. Тухачевский, А.С. Енукидзенің әйелі мен қызы, С. Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б. Майлиннің әйелі Күнжамал , Т. Рысқұловтың әйелі Күләндам, С. Мендешовтың әйелі Рәзия, Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Асфендияровтың әйелі Рабиға Майнұр Сармолдаева және т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын өтеді». Лагерге анасымен түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырылып алынып, балалар үйлерінің «тәрбиесіне» берілді. АЛЖИР 1950 жылдың басында таратылып, оның тұтқындары басқа лагерге ауыстырылды, мерзімін өтегендер босатылды. Бірақ 1956-57 жылдары саяси репрессия құрбандары ақтала бастаған кезге дейін олардың көпшілігі тұрған жерлеріне қайтып оралуға құқы болмады. АЛЖИР тек 80-жылдардың соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады. Кейінірек, «АЛЖИР» фильмі түсіріліп, «Кебенек киген арулар» пьесасы жазылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы күнге орай жасаған үндеуінде «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды», – деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. – ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады, – дейді мемлекет басшысы. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар. – Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым, – деді президент. Бұл атаулы күн – қазақтың жадынан, ойынан еш уақытта кетпек емес. Қазақ даласында болған аянышты жағдай енді осы топырақта ұлықталуы керек. Біз әрқашан осы күнге жетуімізге себеп болған қан мен көз жасты, бабалар аманатын ұмытпауымыз керек.  

Тілеубек БАТЫС

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *