Қосшы қаласында әртүрлі сала мамандары тұрады. Өз ісін жетік меңгерген майталмандар біздің қаланың интеллектуалды функциясын қалыптастырады. Бүгінгі кейіпкеріміз Қосшы қаласының тұрғыны «Ұлттық нейрохиругиялық Орталық» АҚ медициналық аппараттарды қолдану бөлім меңгерушісі Серік Мұратханұлы. Тәжірибесі мол маман 14 жылдан бері медициналық аппаратардың қызметін реттеп, оның қолдану тәсілін дәрігерлерге түсіндіріп жүр. Ол «Клиникалық инженерия негіздері» деген кітап жазып медицина ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Медицина саласына ғана емес, қазақ тіліне де үлес қосып жүр десек, артық айтпаймыз. Ендеше, сұхбатты оқыңыз. Мархабат!
– Серік мырза, клиникалық инженерия деген қандай мамандық, оның қызметі мен міндетіне не кіреді?
– Клиникалық инженер дегеніміз – бір ауыз сөзбен айтқанда клиникадағы аппараттардың қыр-сырын білетін маман. Ол клиникадағы аппараттар мен жүйелерді алдын ала арнайы мамандар жасаған жоспарға сәйкес, аурухананың әлеуетіне сай сатып алуды, сатып алған медициналық жабдықтарды дұрыс орнатуды, қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануды, операциялық процесте кейбір күрделі аппараттарды хирургтармен бірге қолдануды, аппараттарды жеке сервис компания-лардың жұмысын, сапасын бақылауды, экономикалық тиімділігін қадағалауды, пайдалану мерзімі біткен соң дұрыс утилизация жасауды, қорытып айтқанда аппараттың өндірілгеннен утилизация жасалғанға дейінгі өмірі мен қызметін баптап, бақылауды міндетіне алады.
– Бәрекелді, бұл мамандықты біздің елде қандай оқу дайындайды. Бұл саланың қазіргі жай-күйі қалай?
– Абай атындағы ҚазҰПУ Физика-математика факультетінің ядролық физика және электроника кафедрасында жаңа – биотехнологиялық-медициналық аппараттардың инженері деген мамандық техника ғылымдарының докторы Мұқашов Қанат Мұқашұлының жеке бастамасымен ашылған. Биотехнологиялық-медициналық аппараттар инженері деген педагогикалық емес, техникалық-инженерлік мамандық. Қанат Мұқашұлы дүниежүзін аралаған өте білікті маман, шетелде көрген тәжірибесінің негізінде осыдан 19-20 жыл бұрын осы мамандықтың қажет боларын біліп мамандықтың ашылуына себеп болған. Алайда университет педагогикалық бағытта болғасын онда инженерлер дайындауға болмайды деген талап болды. Оның үстіне білім министрлігі бұл мамандықты дайындау үшін база жоқ, оқулық жетіспейді деген себеппен жауып тастады. Ал 2003 жылдан бастап еліміздегі білім беру кредиттік жүйеге өтіп, бес жылдық инженерлік мамандық жойылды, оның ішінде «биотехнологиялық аппараттар және жүйелер» деген мамандық та мүлде жабылып қалды. Ал осы аралықта клиникаларға қажетті инженерлер клиника саласынан, клиникалық процесстерден хабары жоқ, техникалық мамандықтар бітірген түлектердің араласуына тура келді. Одан кейін араға 20 жыл салып, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде осы мамандыққа балама мамандық ашылды. Тұңғыш түлектері 2023 жылы, яғни биыл университет бітіреді. Ал олардың қандай деңгейде мамандар даярлап жатқанын уақыт көрсетеді.
– Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министірлігі бұл мамандықтың дамуына, даярлануына мүдделі ме? Минстірлік тарапынан «клиникалық инженерияны» дамытуға қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазір Қазақстан қоғамында, денсаулық сақтау министрлігінде медициналық-биотехнологиялық аппараттық жүйенің инженері немесе клиникалық инженерия инженері деген түсінік жоқ. Денсаулық сақтау министрлігіндегі басшылардың өзі клиникалық инженердің не екенін толық түсінбейді. Олар клиникалық инженерлерді медициналық аппараттарға сервис жасайтын сервистік инженерлермен бірдей деп қарайды. Алматы мен Астана қалаларындағы ауруханаларда аз санды клиникалық инженерлер болғанымен олардың клиникадағы заңдық орны, функциялары оларға қойылатын талаптар минстірілік тарапынан заңдық-құқықтық тұрғыдан бекітілмеген. Өзге облыстармен қалаларда клиникалық инженерлер орнына тек сервис инженерлер жұмыс істейді. Ал олардың көбі жекеменшік компания уәкілдері, демек олар тек бұзылған аппаратты жөндеумен шектеледі. Клиниканың ішінде жүріп ондағы түрлі жағдайларға байланысты аппараттардың күтімін бақылап, бағалап, қолданушыларға түсіндіріп, үйретіп беретін маман жоқ.
– «Клиникалық инженерияны дамыту» үшін сіз қандай жұмыстарды атқардыңыз? Тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазақстанда ғана емес, орталық Азияда медицина саласында клиникалық инженер деген ұғым қалыптаспаған. Ол осы «Covid 19»-бен күрес кезінде де анық байқалды. Медициналық аппараттар инженерлері медицина қызметкерлерімен бірге вирус ошағында жүрді, оларға дер кезінде техникалық көмек беріп отырды. Олардың біразы вирус жұқтырды, бірақ медициналық қызметкерлер секілді құқығы қорғалмады, себебі олар туралы бағдарлама жоқ, олар туралы заң жоқ. Тіпті ондай мамандық жоқ, ондай маман даярланбайды. Сол себепті клиникалық инженерия жұмыстары өте бытыраңқы, жүйесіз. Ең бірінші рет Жапонияға клиникалық инженерияны оқуға барғанда сол жақтағы оқытушылар мен инженерлер бізден «Сендерде клиникалық инженерия бағдарламасы, клиникалық аппараттарды басқаратын стандарттар бар ма?» деп сұрады. Біз ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінінің № 427 бұйрығы (қазіргі № 273) бар екенін айтсақ, оған бәрі күледі. «Сендер әлі Кеңес одағында қалып қойғансыңдар ма, сондай үлкен жүйені бір бұйрықпен басқаруға бола ма? Ондайда нақты бағдарлама болуы керек, денсаулық сақтау кодексінде оның статусы белгіленуі керек» деп түсіндірді. Бұл сөз әрине, намысқа тиді, сонымен қатар ширықтырады.
Содан мен Жапониядағы әріптес-тәлімгерлермен бірігіп, клиникалық инженерия деген ұғымды Қазақстанға кіргізу, оның заңды статусын жасау, ол не, ондай мамандар немен айналысады, мақсаты қандай, қандай функциялары бар, оны қандай мамандық арқылы оқыту керек, ол қандай стандартпен жүзеге асуы тиіс, қандай сертификациядан өтуі керек, қандай халықаралық қауіпсіздік сертификаттарынан өтуі керек деген заңдылықтарды бағамдап, үш жыл бойы материал жинап клиникалық инженерияның бағдарламасын қазақ тілінде жазып шықтым. Кітап 2022 жылы «Ұлттық Нейрохиругиялық Орталық» АҚ-тың ғылыми кеңесінде қаралып, профессор Серік Қуандықұлы Ақшулақовтың алғы сөзімен Жапония JICA демеуімен басылып шықты. Кітапты Қазақстанның бүгінгі жағдайына байланысты орыс тіліне аудардым. Оны біздің Қазақстанның қазіргі жағдайына үйлесетін, әрі Еуропалық Халықаралық талаптарға сай келетін деңгейде жасаған, оригинал нұсқасы мемлекеттік тілде жасалған жалғыз бағдарлама. Мен қазақ тілінің техникалық саладағы әлеуе-
тін осы еңбегім арқылы дәлелдегім келеді. «Қазақ тілі техникаға жарамайды» – деген бос әңгіме. Кітапқа медициналық мекемелер және медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыратын мемлекеттік мекемелер қызғушылық танытып, ұсыныстар жасап жатыр.
– «Клиникалық инженерия» саласының маманы ретінде денсаулық сақтау саласына қандай ұсыныс, тілегіңіз бар?
– Қазақстан Республикасындағы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін ең алдымен медициналық жабдықтарды сатып алу, басқару-қолдану, сервис жасау жұмыстарын бір тұтас жүйеге келтіріп, осы саланың мамандарын дамытпай болмайды. Қазіргі медицинаны медициналық технологиясыз, клиникалық инженериясыз елестетудің өзі мүмкін емес. Клиникалық инженер деген маманның міндеттерімен функцияларын, оларға қоятын талаптарды бекітсек, аудан, қала, облыс, ұлттық орталықтарға дейін жүйеге түскен бір бағдарлама қабылдап, клиникалық инженерияны бір стандартқа түсірсек, бұл Қазақстан медицина саласына үлкен өзгерістер алып келеді. Менің ұсынысым да арманым да «Клиникалық инженерия бағдарламасы» Қазақстанда іске асуына атсалысу.
– Газетіміз Қосшы қаласында шығатын мерзімді басылым. Сіз Астанада жұмыс істесеңіз де, Қосшы қаласының тұрғынысыз. Қосшы қаласындағы медициналық көмекке көңіліңіз тола ма?
– Қосшыда 2016 жылдан бері тұрамын. Қосшы қаласында медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырып, көп функционалды аурухана салу керек. Онда амбулатория және аурухананың қуаттылғын
Қосшының болашақ дамуына, жан-санның артуына, стратегиялық жоспар негізінде іске асыру керек. Тек қана анализ, диагностикалық қызметтер ғана емес, күрделі емес операциялар облыс орталығында, не Астанада емес, қала ішінде шешілуі керек. Жедел жәрдемдер уағында келетін болуы керек. Сол кезде ғана Қосшы қаласының тұрғындары өз үйінде алаңсыз тіркеуге тұрып, осында кәсіп ашып, салық төлеп, Қосшының болашағына сенеді. Егер осындай мәселе көтеріліп жатса мен Аурухана жобасына өз мамандығым төңірегінде үлесімді қосуға дайынмын.
– Сіз клиникалық инженериядан басқа тауға шығуға қызығады екенсіз, спорт пен денсаулық – егіз ұғым. Биіктік пен тереңдік сияқты. Келісесіз бе?
– Келісемін. Мен өзім Алтай деп аталатын таулы өлкеде дүниеге келдім, көзімді ашсам тау көретінмін. Бала кезден тауға шығуға әуес едім. Алайда 2008 жылдан бері Астанада тұрамын. Мұнда тау да жоқ, тұнық асау өзен де жоқ. Сондықтан демалыстарымда Алтай, Алатау, Памир асып тауға шығамын. Жыл сайын биіктерді бағындырып келемін. Өткен жылы Памирде 5132 м биіктікке шықтым. Арманым Хантәңірі, Темір шыңдарына шығу. Ал спортқа келсек ол адамның рухын ғана шыңдамайды, денсаулығын да жақсартады. Қосшы қаласында балаларға, жастарға арналған спорт кешендері, демалыс орындары мемлекеттің қолдауымен тез арада ашылғаны дұрыс. Қала атын алғаннан кейін тұрғындар өз үйіне жақын жерде спортпен айналысып, білім алып, сапалы медициналық қызмет алмаса, қала деген аттан не пайда? Альпинист тек өзі шығатын тауының биік болуын, шыңға өзі ғана өрмелей беруді армандамайды, ол өз елінің өскенін, өркендегенін, биіктегенін қалайды.
– Қоғамдық ойыңыз, иллюзияға сенесіз бе?
– Ешқашан адамдар жасаған иллюзияға, сенімге сенбеймін. Жер шарында 4 мыңға таяу дін, миллио-
нға тарта секта бар. Олардың бәрі өздерінікі ақиқат, өздерінікі соңғы жол деп санайды. Ешкім өз жолы қате, адасқан деп есептемейді. Өздерінің агрессиясы, жауапкершілгі, біліктілігі сынға түскен кезде «құдай қаламады» деп жауапкершіліктен қашатындарды түсінбеймін. Мен жаратылыстың заңдарын құрметтеймін. Жаратылыс мен үшін – Тәңір.
– Қосшы тұрғындарына не айтасыз?
– Қосшы тұрғындарына сапалы жол, сапалы медицина, сапалы білім алуына мүмкіндік тілеймін. Жане сол мүмкіндіктерді талап етуін қалаймын.
Сұхбаттасқан Рамазан БАУЫРЖАН
Пікірлер (1)
1)Бұл мамандыққа қандай пән таңдау керек . 2) Бұл мамандықты қанша жыл оқытады және Бұл мамандықты қандай университеттер оқытады